«Әкімдік бір үзім нан да бермеді»: Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана көмек сұрайды
Камила асыраушысынан айырылған, бес баласының үшеуінің денсаулығы жоқ
Камила Жұмалиева Мақтаарал ауданынында туған, Шымкентке бес баласымен көшіп келгеніне 1 жылдай уақыт болған. Оның қалаға көшіп келуіне қайырымдылық қорынан берілген 2 бөлмелі жатақхана себеп болған.
«Жалғыз өзім, жүйкем тозып кетті. Былай тартсам да, олай тартсам да жетпейді. Денсаулығым жоқ» деп, Шымкент қаласының тұрғыны Камила Azattyq Rýhy тілшісіне жағдайын айтты. Ол көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр.
«Журналистерден көмек сұрап көрген емеспін. Шымкент қаласы әкімдігіне барып, көпбалалы ана ретінде пәтер кезегіне тұрайын деп едім, «сіздің атыңызда жатақхана бар, сол себепті кезекте тұра алмайсыз» деп шығарып салды. «Өзіміз хабарласамыз, сау болыңыз» деді.
«Айя-Дос» қайырымдылық қоры осыдан 1 жыл бұрын жатақхана берген болатын. Біздің қалаға көшуімізге сол себеп болды», - дейді Камила.
2 бөлмелі жатақхана Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданында орналасқан. 5 отбасы бір дәретхананы қолдануға мәжбүр.
«Қараша айында балаларым қатты ауырып, 1 ай ауруханаға жатып шықты. Содан, балалардың жағдайын жасайын деп, нағашымның қыздары жалдап тұрып жатқан пәтерге көштік. Ондағы мақсат – қыстап шығу. Күн жылынған соң, жатақханаға қайта көшіп барамыз. Бұрын пәтер жалдап, қаңғырып жүрдік. Осы жатақхананың барына шүкір. Бірақ арақ ішетін көршілерімізден қорқып, балалардың мазасы қашқан соң уақытша көшіп отырмыз», - дейді Камила.
Камиланың жолдасы 2018 жылы 6 желтоқсанда моншада отырған жерінде қайтыс болады. Оның жүрегі тоқтап қалған.
«Жолдасым бір отбасының жалғыз ұлы еді, ол бірнеше жыл бұрын қайтыс болып кетті. Жолдасымнан айырылып, 5 баламен асыраушысыз қалдым. Үлкенім 6-сыныпта оқиды. Үшінші сыныпта оқитын ұлым «эпилепсия» диагнозымен психикалық аурухана есебінде тұр. Одан кейінгі ұлым 2-сыныпта, егіз ұлдарым 1-сыныпта оқиды. Егіз балаларымда дене құрысуы болғандықтан, невропотологтың есебінде тұр. Балаларымды өз бетімен қалдырып кете алмаймын. Сол себепті, жұмыс істеуге еш мүмкіндігім жоқ», - дейді көпбалалы ана.
Камила 2017 жылы аспаз мамандығы бойынша оқуын бітірген. Алайда, жұмыс істеуіне мүмкіндік болмапты. Жолдасы қайтыс болған соң, ата-анасы көмек беріп, балаларына қамқорлық көрсеткен. Бірақ, жуырда ғана туған бауыры көлік апатынан көз жұмып, ата-анасы да қиын жағдайда қалған.
«Бауырымды, апталдай азаматты көлік қағып кетті. Одан айырылып қалған соң, ата-анамның денсаулығы сыр берді. Екі сіңлім бар, екеуінің де аяғы ауыр. Маған көмек беретін жағдайда емес», - дейді Камила.
Қазір Камиланың бар табысы – асыраушысынан айырылғаны үшін балаларына мемлекет тағайындаған жәрдемақы мен «эпилепсия» дертіне шалдыққан ұлына берілетін қаражат. 58 мың теңгені тамаққа талғажау етіп отырған ана кейде дәрі-дәрмекке ақша жетпей қалатынын айтады.
«Мемлекеттен берілетін ақша 58 мыңға көбейді. Оған да шүкір. Балаларымның тамағын осы ақшадан ажыратып отырмыз. Кейде соны тамаққа, дәрі-дәрмекке жеткізе алмай қиналамын. Менің денсаулығым жоқ. Маған бірнәрсе болса, балаларыма не болады? Осында көшіп келгелі әкімдіктен бірде бір көмек болмады. Тіпті, бір үзім нан да бермеді. «Өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салады, болды. Ең болмаса азық-түлік жағынан көмек берсе екен», - деді Камила.
Жазып алған: Сымбат Ғалымжан