Қызылордада «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1200-ге жуық дерегі анықталды
Қызылордада «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 1200-ге жуық құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1200-ге жуық дерегі анықталды.
Атап айтқанда, 22 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Көлікті басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 118 жүргізуші, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 487 жүргізуші, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 4 жүргізуші, құжаттары және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқарғаны үшін 191 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге, жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қозғалыс кезінде жол бермегені үшін 56 жүргізуші, бағдаршамның тыйым салатын сигналына жүргені үшін 17 жүргізуші ұсталды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, рейдтік іс-шаралар аясында автокөліктерінің әйнектерін көлегейлеген 17 жүргізуші, құжаттары жоқ 191 жүргізуші, көлік құралын басқару құқығынан айырылған 6 жүргізуші анықталды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында 160-тан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, 20 автомобильдің мемлекеттік нөмірлік белгісі алынды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 11 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.