«Күлкілі статистика»: сарапшылар Қазақстан халқының 99% интернетпен қамтылды деген ақпаратты жалған дейді

Аталған статистиканы Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеген

«Күлкілі статистика»: сарапшылар Қазақстан халқының 99% интернетпен қамтылды деген ақпаратты жалған дейді
Фотоколлаж

Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан цифровизацияға миллиардтар бөлінгенін жақсы білеміз. Үкімет әрдайым «шалғайдағы ауылдарды жаппай интернетпен қамтып жатырмыз» деп те талай есеп берген. Алайда, 2020 жылы басталған пандемия цифровизацияның шын мәнінде қалай жүргізілгенін көрсетіп берді. Шалғай ауылдарды былай қойғанда, үлкенді-кішілі қалаларда интернеттің сапасыздығынан немесе мүлдем болмауынан балалар қашықтан сабағын оқи алмады.

Дүниежүзілік экономикалық форум деректеріне қарағанда, COVID-19 әлем елдерінің цифрландыру жүйесінде жағдайды көрсетті. Дамыған батыс елдерінде интернетті пайдалану 87-90%-ға жуықтайды. Экономикалық жағдайы төмен мемлекеттерде ғаламторды қолдану 17-20%-дан аспайды. Ал, Қазақстанда интернетпен қамту қанша пайыз болуы мүмкін?

Былтыр сәуірде, яғни коронавирус есікті қағып, халық онлайн жұмысқа, оқушылар қашықтан сабақ оқуға отырғанда, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда интернетті пайдалану үлесі 84,2% деген ақпарат таратты. Яғни 18 млн халықтың тек 15 пайызы ғана интернетсіз деді. Бұл Қазақстандағы 118 қала мен 4 235 ауылдық аймақтың 3G/4G желісімен қамтылғанын айғақтайды.

Ал жазда осы министрлікті басқаруға келген Бағдат Мусин пандемия жағдайында Қазақстанда 5 мың ауылға интернет тартылды деген мәлімет берді. Жаңа министр қалада шамамен 11 млн адам, ал ауылдарда 7 млн адам мобильді интернет қолданып отыр деген ақпаратты Үкімет отырыстарында айтып жүр. Сөйтіп 2020 жылдың соңында елде интернетпен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жеткен көрінеді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин өткен жұмада ғана «Digital Almaty-2021» халықаралық форумының аясында ЕАЭО елдерінің премьер-министрлерімен кездесуде де осы 99 пайыз туралы ақпаратты қайталады.

«Мен пандемия жағдайында Қазақстан экономикасы тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсетті деп ойлаймын. 2020 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», - деді Асқар Мамин.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі билік органдарының Қазақстандағы ұялы байланыс және интернетті пайдалануға қатысты мәліметтерінің шынайлығын тәуелсіз мамандардан сұрап көрді.

Қазақстан интетнет қауымдастығының президенті Шавкат Сабыров «интернетпен қамту» және «интернеттің енуі» (penetration – ред.) деген екі түсінікті шенеуніктердің шатастыруы мүмкін дегенді айтып отыр. Яғни, сенде ұялы телефон болса, оның ішінде интернет немесе сапалы интертнет бар деген сөз емес. Оның сөзінше, осындай үлкен территорияны түгел интернетпен қамту дәл қазір мүмкін емес.

«Мысалы, Алматыдан 20 шақырым қашықта тұрған ауылда интернет жоқ. Менің достарым сол ауылда тұрады, ол жерде интернетпен жұмыс істеу мүмкін емес. Бұл шынайы мысал. Біздің ауылдардың шалғайлығынан интернет тарту өте қымбат. Мысалы, Семейден 500 шақырым жердегі ауылға интернет тартуға әлемнің бірде-бір компаниясы келіспейді. Ол жерге кеткен шығынды қайтарып алу үшін 100 жыл қажет. Сол сияқты жүздеген ауыл мен аудан орталықтары бар. Алайда, біздің елде бұл жұмысты атқаратын «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторы жұмыс істейді. Мемлекеттен субсидия алады. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстан 2025 жылдың өзінде елде интернеттің енуін 99%-ға орындай алмайды», - дейді Ш.Сабыров.

Егер әлем елдеріне қатысты статистикаға қарасақ, Эстония – интернеттің енуі бойынша чемпион. Бұл елде ғаламтормен халықтың 99,6 пайызы қамтылған. Әрине Эстонияның жер көлемі мен халқының санына қарасақ, бұл таң қалатын құбылыс емес. Ал Қазақстан үшін мұндай статистиканы айту расымен де ертерек сияқты. Сабыровтың айтуынша, биліктегілер интернетпен қамту сөзінің мағынасын ажырата білуі керек.

«Бүгінде елдің көп аймағында телефон байланысы толық бар, ал интернет толық емес. Онлайн білім немесе өзге де қызмет алу барлық елдімекенде мүмкін емес. Премьер-министр бұл ақпаратты қателесіп айтты деуден аулақпын, бірақ салалық министр бұл ақпаратты Маминге дайындап берді. Ал оның баяндаманы қандай негізге сүйеніп жасағанын білмеймін. Егер сіз менің пікірімді білгіңіз келсе, мұны мен «быламық» немсе «ботқа» дер едім. Себебі мобильдік байланыспен қамту туралы ақпаратты интернеттің қамтылуы деп беру дұрыс емес», - дейді Шавкат Сабыров.

Статистика агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда интетнетпен қамту 2019 жылы – 82,3%, Ал 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 84,2% құраған. 2020 жылдың соңында ол 99%-ға бір-ақ жеткенін көріп отырмыз. Бірақ, мамандар бұл цифраға күмәнмен қарайды. Шавкат Сабыровтың  болжауынша, біздің елді оның үлесі 62-64 % айналасында болуы мүмкін.

«Ұлттық Интернет» қауымдастыңының басшысы Серікқазы Көкенай болса Қазақстанды технологиясы жоқ, дамымаған мешеу ел деп жиі сынға алады. IT-маман Үкімет басшысының интернет қамту 99 пайызға жетті дегені тәуелсіз сарапшылар мен сала мамандарының «күлкісін келтірді» дейді. Оның пікірінше, елде халықтың жарысына жуығы интернетпен қамтылған, бірақ оның өзін сапалы деп айтуға ерте деген пікірде.  

«Енді 99 пайыз дегені күлкілі, жалпы 100 пайыз демегеніне рахмет айтамын. Өтірік екені айтпаса да түсінікті. Ауыл тұрмақ, қаланың өзінде интетнеттің сапасы нашар. Мен мысалы, астанада тұрамын, үйім қаланың қаланың шет жағында. Мұнда интернет бірде бар, бірде жоқ. Елорданың айналасындағы ауылдарға ғана шыға салыңызшы. Анау алыстағы Қызылорданың, Қызылжардың ауылдарына интернет жетті деуге сенесіз бе? Ең құрығында орташа қамтылды деп айтса дұрыс болады. Кеңес үкіметі кезінде айтылатынжаттанды 99 пайыз. Ол кезде жоспарлы экономика үшін халық сенетін. Қазіргі заманда мұндайға ешкім сенбейді. Менің пайымымша, бұл көрсеткіш 70-80 пайыз. Оның өзі де сенімсіз», - дейді қауымдастық басшысы.

Оның сөзінше, Қазақстан 4G желісін толық игеріп біткен жоқ. Соған қарамастан, біздің ел 5G-ді енгізуге асығып отыр. Елдегі шынайы статистиканы тәуелсіз мамандар да жасауы керек дейді ол. Бірақ Үкімет мұндай қызмет түріне тапсырыс бермейді екен. Сондықтан, халық тек салалық министрліктің «күмәнді» сандарына сенуге мәжбүр.

«Елде 4G бір жерде бар, бір жерде жоқ, ал 5G деген біздің түсімізге әзір кіре қоймас. Мысалы Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкенттің кейбір жерлерінің өзінде 3G ғана бар. Ал басқа өңірлерде осы интернеттің жартысы бар да, жартысы жалған мәліметтерге құрылғанын айта аламын. Ал енді кімнің смартфоны бар, кім WatsApp мессенджеріне қосылған деп есептегеннің өзінде 99% болмас еді. Біреулер Үкімет смартфоны бар адамдарды, яғни телефоны тіркелген адамдарды есепке ала салған шығар деп айтуы мүмкін. Бірақ, егде адамдар, балалардың барлығы интернет қосылған телефон ұстап жүр деп айтпас едім. Соның барлығын есепке алғанда, 99 пайыздың қайдан шыққанын білмеймін. Тіпті бұл дамып кеткен Батыс елдеріне де тән құбылыс емес», - дейді «Ұлттық Интернет» қауымдастыңының президенті.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.