Елордалық бірнеше дәрігер вакцина салдырудан бас тартқан
Ақпанда елордада 2 мыңға жуық медицина маманы вакцина салдырады
Елордада бес медицина қызметкері вакцина салдырудан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов ОКҚ-да өткен брифингте мәлімедеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 2 мыңға жуық медицина маманы коронавирусқа қарсы екпе салдыратыны жоспарлануда. Алайда вакцинациядан бас тартып жатқандар да бар екен.
«1-8 ақпан аралығында бірінші кезеңге кіретін, вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары топқа жататын 916 медицина қызметкерін вакцинациялау жоспарланды. Оның ішінде 719-ы вакцина салдырып үлгерді. 192 адамның денсаулығында екпеге қарсы көрсеткіштер болғандықтан, олар қабылдаған жоқ. Ал қалған 5 адам өз еркімен вакцина салдырудан бас тартты», - деді Тимур Мұратов.
Қазір Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 531 дозасы бар. Сондай-ақ әзірге вакцинация елордадағы санаулы ғана емханада жүріп жатыр.
«Бірінші кезеңде вакцинация бес қалалық емханада жүргізілуде. Алайда, келешекте халықты жаппай вакцинациялау басталған сәтте қала бойынша 36 емшара бөлмелері жұмыс істейді», - деді басқарма басшысы.
Тимур Мұратов екпе салдырған мамандардың ешқайсында вакцинаға кері әсер болмағанын атап өтті.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан