Павлодар облысында болашағы жоқ 17 ауыл бар
Олар енді жақын маңдағы өзге елдімекендерге қосылады
Павлодар өңіріндегі болашағы жоқ ауылдарды тірек елдімекендерге қосу туралы шешімді облыстық мәслихаттың сессиясында жергілікті депутаттар қабылдады.
Болашағы жоқ деп танылған ауылдардың бірі – Көктерек. Мұнда небәрі 9 үй, 28 адам ғана бар. Мектеп пен медициналық мекеме және балабақша болмағандықтан ауылдықтар көрші елдімекендерге қатынайды. Көктерекке ең жақын әрі ең ірі ауыл – Мәмәйіт. Облыс билігі осы екі ауылды біріктірмекші деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Павлодар облысында барлығы 355 елдімекен бар. Оның 17-сінің халқы 50 адамнан кем. Сондықтан жергілікті әкімдіктер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауылдардың әкімшілік-аумақтық құрылымын қайта қараған.
«Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ауылдық елдімекендерде тұрғындары саны 50 адамнан кем болмауы керек. Аталған ауылдарда халық саны тым аз. Сол себептен елдімекендерді оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және қосымша қаражат бөлу үшін жасалмаған», - дейді Павлодар облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Дәурен Тұрғылдинов.
Биыл Павлодар облысында жыл басынан бері 3 елдмекен жақын ауылдарға қосылған. Енді өңірде болашағы жоқ деп саналған 7 елдімекен қалды. Олардың да келешегі алдағы уақытта өз шешімін таппақ.