Нұр-Сұлтанда 48 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр - Алтай Көлгінов
Қала әкімі биыл елордада жаңадан 15 мектеп салынатынын айтты
Нұр-Сұлтанда 48 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгінде елордада 48 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік топ өкілдері бар. Қолжетімді баспана мәселесі де жыл өткен сайын өз шешімін тауып келеді. Айтар болсақ, 2018 жылы 1100 баспана берілсе, 2019 жылы 2209 баспана берілді, өткен жылы 7 мыңнан астам пәтер иесі қоныс тойын тойлады. Биыл бұл үрдіс одан әрі жалғасып, 10 мыңнан астам пәтер кілтін табыс ету жоспарымызда бар», - дейді ол.
Алтай Көлгіновтың айтуынша, биыл елордада жаңадан 15 мектеп салынады.
«Елордада үш ауысымды 8 мектеп бар. Одан бөлек, оқушылар саны шектен тыс мектептер бар, олардың саны - 22. 2019 жылы қалада 6 мың орындық мектеп салынды, 2020 жылы 10 мыңнан астам орындық мектеп салынды. Ал биыл 40 мың баланы қамтитын 15 жаңа мектепті тұрғызып, пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді қала әкімі.