Қазақстанда диссертацияны сатып алу оп-оңай – Сенат депутаты

Ғаламторда кандидаттар мен ғылым докторлары тапсырыс қабылдап жүр

Қазақстанда диссертацияны сатып алу оп-оңай – Сенат депутаты
Фото: ашық дереккөзден

"Қазақстанда докторлық немесе кандидаттық диссертацияны сатып алу оп-оңай, ал плагиатқа қарсы тексерістен өту одан да оңай". ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Білім және ғылым министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Google»-ға «докторлық, кандидаттық диссертацияны сатып алу» деп терсеңіз, шамамен 303 мың нәтиже шыға келеді. Мәселен, олардың бірінде «кандидаттық диссертацияға тапсырыс беріңіз, сіз көп уақытты үнемдейсіз, қажет нәрсені аласыз» деп жазылған», - деп мәлімдеді Сенат депутаты Сәуле Айтпаева палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, сол жерде хабарландырулардың құны көрсетілген, жұмыстарды жоғары білікті мамандар, кандидаттар, ғылым докторлары жазады. Диссертация жазу кезінде сатып алушыларға ғылыми мақалалар жариялау да ұсынылады.

«Пікірлер білдірген студенттер, магистранттар плагиаттан өту оңай екенін, бақылаудың жоқтығын жазған. «Сіз ұсынған бір парақты ғана тексереді, қалғаны тексеріссіз өте береді» деген олар. Сонымен қатар, «магистрлік диссертацияны тапсыру оңай», деп жазады», - деп наразылық білдірді Парламент мүшесі. 

Сәуле Айтпаева ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов берген плагиатқа қарсы күрестің жаңа жүйесі туралы уәдені еске салды. Осыған байланысты қолданыстағы теріс практиканы жою үшін тағы қандай заңнамалық өзгерістер қажет екенін сұрады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова депутатты ведомствода докторлық және кандидаттық диссертацияларды сату жағдайына мониторинг жүргізілетініне сендірді. Сонымен қатар, плагиатты тексеруде қатаңдық - қазақстандық ғалымдардың еңбегін мойындау, дәйексөз келтіру талаптары қойылып отырғанын айтты. Мемлекет жыл сайын бюджеттен докторантураға 2 000-ға жуық грант бөледі, алайда ғылыми дәреже беруге 200-ден астам ғылыми жұмыс түседі, бұл «салыстырмалы түрде аз», деді вице-министр.

«Біз қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін халықаралық журналдардағы дәйексөзбен салыстыруды талап етеміз. Бұл талаптар да артады. Біздің ғалымдардың сөздерін әлемдік деңгейде цитата ретінде қолдану үшінт халықаралық зерттеудің нәтижесімен расталған ағылшын тілін білу туралы талап та бар. Бұл жұмысты біз жүргізіп жатырмыз және жалғастыратын боламыз», – деп сендірді Шолпан Каринова.

Сонымен қатар, бұрынғы Білім министрі, ал қазір Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов ғылымның беделін көтеру үшін шынымен де шетелдік журналдарда жариялау талабы енгізілді деген пікір білдірді. Мұндай мақалалардың саны көбейгенімен, іс жүзінде кемшіліктер анықталды.

«Қазіргі уақытта бағалау (ғылыми жұмыстардың сапасы және ғылыми дәреже беру – AR) тек осы критерий – Батыс басылымдарындағы жарияланымдарға байланысты. Бұл тәжірибені өзгерту керек, өйткені біздің ғалымдар кеңес заманындағыдай Батыс жүйесінің көлеңкесінде қалады. Бұл мәселені жақын арада шешу керек», – деп атап өтті Бақытжан Жұмағұлов.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.