Алматыда қант бағасын қымбаттатқандарға айыппұл салынады
Тиісті қаулы 2021 жылғы 30 қаңтардан бастап күшіне енеді
Қантқа белгіленген шекті бағаны қымбаттатқандар 290 мыңнан жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлейтін болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қаласы аймақтық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Алматы билігі экономикалық және әлеуметтік пайдалылықты ескере отырып, бағаны ұстап тұру жөніндегі қалалық Комиссия ұсынымының негізінде құмшекерге бір келісі үшін 254 теңге мөлшерінде белгіленген шекті қол жетімді бөлшек бағасының қолданылу мерзімін 30 күнтізбелік күннен 90 күнтізбелік күнге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Тиісті қаулы 2021 жылғы 30 қаңтардан бастап күшіне енеді.
«Бағаны Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары аудан әкімдіктерімен бірлесіп бақылайтын болады. Кәсіпкерлер аталған талаптарды бұзған жағдайда, 100 айлық есептік көрсеткіштен (291 700 теңге) 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (583 400 теңге) мөлшерде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, қалада қантқа белгіленген шекті баға 2020 жылғы 30 желтоқсаннан бастап енгізілді. Аталған шаралар нарықтағы өнімнің құнын тұрақтандыру және сатушылардың бағаны негізсіз көтеруіне жол бермеу мақсатында жүргізілуде.