Зейнетақы жинағын пайдалану үшін үш күнде 151 млрд теңгеге өтініш түскен

Арнайы платформа қолданысқа енгізілгелі бері 27 240 өтінім қабылданған

Зейнетақы жинағын пайдалану үшін үш күнде 151 млрд теңгеге өтініш түскен
Фото: businessmir.kz

Қазақстан азаматтарына зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалануға рұқсат етіліп, арнайы платформа қолданысқа енгізілгелі бері барлығы 151 млрд теңге сомасын құрайтын 27 240 өтінім келіп түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«БЖЗҚ» АҚ-ға «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторынан жалпы сомасы 156,2 млрд теңгеге 9 566 өтінім  түсті. Келіп түскен өтінімдердің барлығын БЖЗҚ күнбе-күн қарайды.

Жалпы сомасы 38,6 млрд теңгеден асатын 6 988 (73%) өтінім өңдеуге қабылданды. Бұл сома «БЖЗҚ» АҚ-ға өтінімдер келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкі» АҚ-дағы салымшылардың арнайы шоттарына аударылатын болады. Аударымның орташа сомасы – 5,5 млн теңге», - делінген БЖЗҚ таратқан мәлімдемеде.

БЖЗҚ заңнама талаптарына сәйкес келмейтін 2 578 өтінімді (27%) қабылдамады.

Өтінімдерді қабылдамаудың негізгі себептері:

- өтініш берушінің алуға қолжетімді зейнетақы жинағы жоқ (қабылданбаған өтінімдердің 42%-ы):

- сұралып отырған сома зейнетақы жинақтарының алуға болатын сомасынан асып түседі (38,2%);

- бұрын берілген өтінім бойынша қайта берілген сұраныстар (19,4%);

- өтініш берушінің БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы мүлде жоқ (0,4%).

БЖЗҚ-ға уәкілетті оператордан 25-27 қаңтарда келіп түскен өтінімдер қаралған үш жұмыс күнінің қорытындысы бойынша барлық өтінімдер сол күні-ақ кідіріссіз қаралды. Кейіннен төлемдерді жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 151 млрд теңгеге жуық 27 240 өтінім бойынша жұмыс жүргізілуде. Өтінімнің орташа сомасы шамамен 5,5 млн теңгені құрайды.

Естеріңізге саламыз, зейнетақы жинақтары туралы ақпарат «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясын қамтамасыз ету мақсатында салымшының өзіне ғана беріледі.

Қолжетімді сома туралы ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильдік қосымшасы арқылы уәкілеті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береміз.   Салымшының  БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен (толтыру кезіндегі қателер, дұрыс көрсетілмеген сомалар, төлеуге қолжетімді соманың өзгеруі және т. б.) салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімді қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады. Егер салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінімдер беруге болады.

Өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерді уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.