$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2021, 22:22
Қоғам

Мемлекет басшысы халық санағын өткізу бойынша тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті

Мемлекет басшысы халық санағын өткізу бойынша тапсырма берді

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Жиында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын әзірлеу, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ, Жедел реформалар пакеті және ұлттық халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы IPO құралдарын мейілінше кең пайдаланудың қажеттігін айта келіп, жекешелендіру мәселесінде бұл тетікке басымдық беруді атап өтті.

«Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни, Қазақстан азаматтарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленген жедел шаралар топтамасы талқыланды.

Аталған шаралар шағын және орта бизнес субъектілері үшін төлем тетігін жеңілдету және еңбекақы қорына салық жүктемесін азайту, жаңа өндіріс компаниялары үшін ҚҚС бойынша мөлшерлемелерді 70 пайызға төмендету, «Бизнестің жол картасы» субсидиялау бағдарламасына микроқаржы ұйымдарын қосу және басқа да жолдар арқылы экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Заңмен бекіткеннен кейін бұл нормалар осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерді анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін атап өтті. 

«Президент аталған шарадан мейілінше мол мағлұмат алу үшін сауалнаманың мазмұнына көңіл бөлу қажет екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы азаматтарға аса көп сауал қоймауды және санақты өткізудің оңтайлы жолдарын пайдалануды, оның ішінде, пандемияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеулерді ескере отырып, цифрлық технологияларды кең қолданған жөн деп санайды», - делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Премьер-министрдің бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Аталған топ ұйымдастыру және негізгі мәселелерді шешумен, сондай-ақ, дайындық жұмыстарын үйлестіріп, оны іске асырумен айналысады.

Ұлттық санақ осы жылдың қазан айында өткізіліп, ал 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялауы тиіс.

 

Серіктес жаңалықтары