Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күреспейтін министрліктер аталды
ІІМ, АШМ және МКК - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы анти-лидерлер
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді шаралар қабылдамайтын министрліктер мен ведомстволарды атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша белсенді шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, бұл – Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті.
ІІМ барлық өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселесі шешілген жобалық кеңсенің ашылуына тосқауыл қояды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуден бас тартуы да түсініксіз», - деді Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алқасының отырысында.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің қорытындысы бойынша бұрынғысынша аутсайдер. Бұл ведомство ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау тәртібін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын толық көлемде орындамағаны үшін айыпталды.
«Толыққанды алдын алу шаралары Мемлекеттік кірістер комитетінде де жоқ, азаматтар мен кәсіпкерлердің кеден және салық органдарындағы жүйелі түрде алым-салық алуға тұрақты шағымдары - мұның айқын дәлелі.
Тұтастай алғанда, барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз жұмысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуетін арттырып, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауға мүмкіндігі болмайтын және тіпті қаламайтын жағдайлар жасауы тиіс», - деді Шпекбаев.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан