Қазақстанда кейбір ҮЕҰ қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды
Ол ұйымдар салық органдарының жоғарғы инстанцияларына жүгіне алады
ҚР Сыртқы істер министрлігі биыл «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының (ККО «АӨДА») бірінші онлайн отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға қазақстандық құқық қорғау Үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, Адам құқықтары және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының, Жоғарғы Соттың, Конституциялық Кеңестің, мүдделі министрліктердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық серіктестер – БҰҰ Даму бағдарламасы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасы, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ, АҚШ Елшілігі, ЮСАИД және «Халықаралық түрме реформасы» ҮЕҰ қатысты.
Отырысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ашты. Өз сөзінде ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың үшінші пакеті және саяси модернизацияны көздейтін бағытты жүйелі түрде жүзеге асыру туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
«Қатысушылар ККО-ның 2020 жылғы жемісті жұмысын атап өтті. Есепті кезеңде алаңда адам құқығы тақырыбы бойынша кең ауқымды мәселелер, соның ішінде адам құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының баяндамаларына ұсынымдар әзірлеу бойынша мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, ККО-ның ағымдағы 2021 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды», - делінген хабарламада.
Отырыс барысында COVID-19 пандемиясымен және оның салдарымен күрес тәжірибесі аясында денсаулыққа құқық мәселелері қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова баяндама жасады. Сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тобы оның сарапшылары дайындаған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасының тұжырымдамасымен таныстырды. Бұл мәселені талқылауға ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Аружан Саин белсенді қатысты.
Отырыста адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық Халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис сөз сөйлеп, ҚР салық органдарының шешімі бойынша кейбір ҮЕҰ қызметін тоқтата тұруы туралы ақпаратпен бөлісті. Талқылау қорытындысы бойынша ККО осы ұйымдарға салық органдарының жоғары тұрған инстанцияларына жүгінуге және шешімге шағымдануға кеңес берді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары М.Тілеуберді бұл мәселені өз бақылауына алуға уәде берді.
Күн тәртібінің әрбір тармағы бойынша пікірталастар осы мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы одан әрі өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстар әзірлене отырып, дәстүрлі ашық және сындарлы сипатта болды.