$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.01.2021, 16:19
Қоғам

Үш баланың анасымен соттасқан Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы жеңіліп қалды

Ол өзінің ар-намысын қорғамақ болған

Үш баланың анасымен соттасқан Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы жеңіліп қалды

Қызылорда облысында Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы үш баланың анасымен соттасып, жеңіліп қалды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Есте болса бұған дейін ауданның бас сақшысы Дәулет Беркімбаевтан ауыл тұрғыны Ардақ Сыздықова зәбір көргенін айтқан еді. Полицей әйелдің аяғы ауыр екеніне қарамастан, оны 8 сағат бойы қамауда ұстаған. Кейін жүкті әйел ауырып, түсік тастапты.

Осы жағдайдан кейін Ардақ Сыздықова болған жайтты әлеуметтік желіде жазған. Ал, Дәулет Беркімбаев оны «беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа беріпті. Сотқа арыз түсуі сол екен, Шиелі аудандық сотының судьясы Жақсыгүл Сарбасова үш баланың анасын 350 мың теңге айыппұлмен жазалаған.

«Беркімбаев берекемізді алды» деген Шиелі ауданының аналары Қызылорда облыстық полиция департаментіне бірнеше рет арызданған. Алайда, облыстың полицейлері олардың шағымын қараусыз қалдырып, тіпті кері жауап та бермеген. Ашынған аналар амалсыз БАҚ өкілдеріне, кейін облыстық сотқа жүгінген.

«Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев мені «ісім сенімен болсын» деп қорқытты. Ол адамдарын жіберіп, мені көптің көзінше көлікке күштеп отырғызып алып кеткен. Шиелі аудандық полиция бөлімінде 8 сағат қамап ұстады. Осылай үнемі қорқытып, қорлағаны үшін мен және осындағы өзгеде әйелдер Қызылорда облысының полиция департаментіне Беркімбаевтың үстінен 7-8 рет арыздандық. Біреуін де қараған жоқ, жауап та бермеді. Яғни, бастықтардың арызы жылдам қаралады да, қарапайым адамдарды бірден жазалайды. Шиелінің соты мен Шиелі аудандық полиция бөлімін арасында сыбайластық бар. Оған көзім анық жетеді», - деді Шиелі аудандық аналар қоғамының жетекшісі.

Даулы іс ауданнан асып, облысқа жеткен. Қызылорда облыстық сотының судьясы Шолпан Маликова, аудандық соттың шығарған шешімін бұзып, подполковник Беркімбаевтың беделіне нұсқан келмеді деп шешкен. Аналар қоғамына мүше әйелдердің сөзінше, Беркімбаевтың жеңілісі аудан тұрғындары үшін күтпеген жағдай болыпты.

«Судья Маликова кеше апелляциялық сотта Беркімбаевтың адвокаты мен прокурордың қарсылығына қарамай, әділ шешім шығарды. Қуанғаннан жылап жібердім. Жылап тұрып, полициядан көрген қорлығымның бәрін айттым. 350 мың теңге тұрмақ, 350 теңге төлеуге шамам жоқ. БАҚ-қа Беркімбаевтың зұлымдығы туралы мақала шыққан соң үйіме полициядан «Арыздарыңыз зерделеніп жатыр» деген хат келді. Шиеліні уысында ұстамақ болған сот төрағасы мен полиция бастығының әрекетіне БАҚ бөгет жасады. Олар да түсінген шығар халықты түрлі сылтаумен соттай беруге болмайтынын», - деді үш баланың анасы Ардақ Сыздықова.

Ал, Дәулет Беркімбаев аталған жағдайға қатысты пікір білдірмей, телефон тұтқасын тастай салды.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары