СҚО-да аудан тұрғындары рентгенге түсу үшін Петропавлға баруға мәжбүр
Қызылжар ауданында 50 мыңнан астам халық тұрады
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар аудандық ауруханасы рентген аппаратсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Медициналық құрылғы осыдан бірер апта бұрын сынып қалған. Қарапайым диагностика жасату үшін науқастар облыс орталығы Петропавл қаласына сабылуға мәжбүр, деп хабарлйды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны Елена Пышманцева (өтініші бойынша аты-жөні өзгертіліп алынды) кеудесінің қысып, кейде тынысы тарылып денсаулығы мазалап жүргенін айтады. Басқа ауру белгілері болмаса да медициналық тексерістен өтуді жөн санапты. Алайда ауруханаға барып тіркеу орнынан әрі асалмаған. Ондағылар рентген аппаратының істен шығып тұрғанын айтып шығарып салған.
«Тіркеу орнындағылар рентген де, флюррография аппараты да жұмыс істемейтінін айтты. Диагностиканың бұл түріне жүгіну үшін облыс орталығына бару керек екен. Өздері сырқат адамдар қалаға қалай ары-бері сабылады? Оның үстіне күн суық. Көліктер де дұрыс жүріп жатқан жоқ. Осындай пандемия кезінде ең қажетті аппаратттың сынып қалуы, оның біреу ғана болуы ақылға сыйымсыз», - дейді әйел.
Тіркеу орнына біз де хабарластық. Тұтқаның ар жағындағы маман оның қашан іске қосылатыны белгісіз екенін айтып, рентгенге түсу үшін Петропавл қаласындағы емханалардың біріне барып, диагностикадан ақылы түрде өтуге кеңес берді.
Қызылжар ауданының құрамында 72 ауыл бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 50 мыңнан астам халық тұрады. Олардың барлығына Қызылжар аудандық орталық ауруханасы медициналық қызмет көрсетеді.
«Рентген қондырғысын өткен 2020 жылдың жетлоқсанында орнаттық. Араға бір ай салмай істен шықты. Қолымызда кепілдеме бар. Сол құжат бойынша жеткізуші компанияға 6 қаңтар күні жүгіндік. Сервис бойынша әлі де жауап ала алмай отырмыз», - дейді Қызылжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Кәкімова.
Коронавирус пандемиясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай ушығып тұрғаны белгілі. Қазір өңір «қызыл аймақта» тұр. Қызылжар ауданы сырқаттар саны бойынша жағымсыз статистиканың 4-ші сатысында тұр.
«Қазір күн туық. Қоғамдық көліктің жанармайы қатып, далада сынып қалуы әбден мүмкін. Адам түгіл, техника жда қыстың қаһарына шыдамай жатыр. Онымен жүру сырқат адам түгіл барлық жолаушы үшін қауіпті. Петропавлға қатынайтын автобустар суық. Адам лық толы. Такси қызметін кез-келген адамның қалтасы көтермейді. Оның үстіне инфекция жұқтырған науқас адам оны басқаларға таратып қоғамдық көлікпен жүруі керек пе? Күнде айтып жатқан карантиндік талаптар қайда? Оны орындауға мүмкіндік болмаса, не үшін қабылданды? Сырқат адам ем алып, күтініп үйде жатуы керек. Облыс орталығындағы рентгеннің өзінен кезексіз өтсең жарайды. Қазір барлық жерде адам көп. Ауырған кезде дәрі-дәрмек сатып алуға да тура келеді. Рентген өтуге кететін жол ақысы, оған төлейтін ақша тағы бар. Не үшін ай сайын медициналық сақтандыруға қаржы төлеп отырмыз. Тегін медициналық көмек қайда? Осындай күрделі кезеңде тұтас ауданда аппараттың болмауы деген ақылға сыйымсыз. Емханаға адамдар сүйретіліп барып, жай қайтып жатыр. Өзім де солардың қатарындамын. Ертең тағы Петропавлға сабылуға тура келеді. Жеке көлігім жоқ. Сондықтан автобус қызметіне жүгінемін. Өз денсаулығың өзіне ғана керек. Сондықтан амалсыздан барамын. Сосын рентген талдамасының нәтижесін тұрғылықты жерім бойынша бекітілген учаскелік дәрігерге апарамын. Суық тиді ме, инфекция ма ол жағын мамандар анықтап, тиісті ем жазады деп үміттенемін. Жалпы ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын бәлген әлдеқайда жақсы екеніне осы жолы көзім жетіп отыр», - дейді Қызылжар ауданының тұрғыны Антонина Мишина.
Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекция бойынша жағдай туралы 2021 жылғы 24 қаңтарындағы мәлімет:
Өткен тәулікте 107 жағдай тіркелді, оның ішінде ауру белгілері бар 58 жағдай және ауру белгілері жоқ 49 жағдай тіркелді.
Жаңа жағдайлар:
- 1 - Уәлихан ауданы;
- 2 - Аққайың ауданы;
- 2 - Ақжар ауданы;
- 4 - Жамбыл ауданы;
- 5 - М.Жұмабаев ауданы;
- 6 - Мамлют ауданы;
- 7 - Есіл ауданы;
- 9 - Қызылжар ауданы;
- 13 - Тайынша ауданы;
- 14 - Айыртау ауданы;
- 44 - Петропавл қаласында тіркелді.
ПТР әдісімен зертханалық талдаулар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 93 азаматтан, алдын алу мақсатында әкелінген 4 азаматтан және эпидқадағалау мақсатында 10 азаматтан алынды.
Облыста ПТР зерттеулер жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Пандемия кезеңінен бастап, облыс бойынша КВИ-ға – 239573 зерттеу жүргізілді; оң нәтижелер пайызы-жалпы санның 4% (10214). Өткен тәулікте ПТР әдісімен 1041 зерттеу жүргізілді.
Облыста өсумен КВИ 10214 жағдайы тіркелді, оның ішінде ауру белгілері бар – 6292 және ауру белгілері жоқ – 3922 жағдай.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО