Заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылмаған
Заңгер Айыпхан Мұхамадиев Парламенттің VI шақырылымдағы депутаттарының немқұрайлығын айыптайды. Қазақстан отбасылық институтының принциптеріне кереғар құжат былтыр қыркүйекте Мәжілісте талқыланып, алғашқы оқылымда бірауыздан мақұлданған болатын. Оған 2020 жылы 23 қыркүйекте пленарлық отырысқа қатысқан 97 депутат түгелдей жақтап дауыс беріпті. Енді қоғамда дүрбелең туғызған «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл туралы» заңның шикі тұстарын депутаттар өздері қайтадан саралауы тиіс. Қоғам қарсы екенін білдірді.
Айыпхан Мұхамадиев заңның орыс тіліндегі мәтіні және стенограммасымен танысып шыққан. Айта кету керек, бұл заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылмаған. Оның қоғамдағы дүрбелеңге себеп болуының да бір себебі осы.
«Құжатты қазақтың менталитетін, әдет-ғұрпын, отбасылық қағидаларын түсінбейтін мамандар жазған. Тіпті конситуцияда көрсетілген отбасы және некеге қатысты баптарға да үңілмеген адамдар атсалысқан. Енді «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл туралы» заңның түпнұсқасы қазақ тілінде жазылуы тиіс», - дейді заңгер.
Еске салайық, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған заң жобасына қатысты өз пікірін білдіріп, оны қайта қарауды тапсырды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы