Тоқаев қоғамда дау тудырған заң жобасына қатысты пікір білдірді

Мемлекет басшысы барлық пікір ескерілуі тиіс екенін жеткізді

Тоқаев қоғамда дау тудырған заң жобасына қатысты пікір білдірді
Фото: akorda.kz

Өткен жылы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасын өткен аптадан бері қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Заң жобасына қатысты қоғамдағы бір топ «салт-дәстүрімізге қарсы» десе, келесі бір белсенділер «аталған заң арқылы балалар мен әйелдер құқын қорғауға ие боламыз» дегенді алға тартып отыр.

Бүгін қоғамда дау тудырған заң жобасына қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірді.

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау», - деп жазды.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен қазіргі заңдарға енетін өзгерістер бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Заң жобасын таныстырған депутат Ирина Үнжақованың айтуынша, бірінші заң жобасының қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді мақсаттары бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.