«Қарыз алуға болмайды». Нумерологтар «21.01.21» датасына қатысты пікір білдірді

Нумерологтардың бірі жаңа жобалар үшін келісім жасауға қолайлы күн екенін айтты

«Қарыз алуға болмайды». Нумерологтар «21.01.21» датасына қатысты пікір білдірді
Коллаж

21 ғасырдың 21 жылы және жаңа жылдың алғашқы 21-күнін (0,1,2 сандарының қосындысынан құралған күнді) нумерологтар ғана емес, қарапайым адамдар да ерекше қабылдап жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде жас жұбайлар осы датаға сәйкес некесін заңдастырып жатыр.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған күнге байланысты нумеролог мамандардың пікірін сұрап білді.

«Бүгін үш санның қосындысы, бәрін қосқанда 9 болып шығады. 9 бір нәрсенің аяқталатын күні. Ол қарым-қатынас болсын, осы күнге дейін жүзеге асып келе жатқан қандай да бір жоба болсын, аяқталып, жаңа іске қадам басатын күн. Кез келген күн санына қарай әртүрлі энергияда болады және әр санның өз программасы бар. Бүгін адамазаттың ойлаған арманы, қойған мақсаты оңай орындалатын магиялық күн. 21.01.2021 күніндегі «0» –  ол шексіздік саны. Яғни, мүмкіндіктердің күні», - дейді нумеролог Гүлбадан Зарлыққызы.

Нумерологтың айтуынша, «1» – жаңашылдық, бұл санның минусы – эгоизм. «Менде ғана болсын» деген менмендік бар.

«2» – ай (moon), эмоцияға, энергияға жауап береді. «2» - қарым-қатынастың нышаны, тепе-теңдіктің белгісі. Бүгін неке қидыруға өте сәтті күн. «2» санының икемділігі «1» эгоизмі мен эмоциясын реттеп отырады. Сосын жаңа жобалар үшін келісім жасауға қолайлы күн. Тек қана келісім жасасқан жөн, сауда жасаудың қажеті жоқ.

Бұл күні қарыз алуға және қарыз беруге болмайды. Бірақ күтпеген жерден сыйақы түсіп, қарызыңыз қайтып, өзіңіз күтпеген тосынсыйлар болуы ғажап емес», - дейді Гүлбадан Зарлыққызы.

«ӨЗІҢІЗГЕ ЭМОЦИЯЛЫҚ ЕРКІНДІК БЕРІҢІЗ»

Нумеролог Мадина Мұхамеди бұл сәттің (21.01.21) серіктестік, командалық жұмыс үшін сәтті күн екенін айтты.

«Қызыққа толы күн. Бұл күні адамдар қызметте болсын, басқа жобада болсын, тек өзіне сенім артуға тиіс. Серіктестік, командалық жұмыс үшін сәтті күн. Кез келген дәрумен ағзаңызға жақсы сіңіп, зор пайдасын тигізеді. Қандай да бір маңызды істе шешім қабылдайтын болсаңыз, жасы үлкендердің немесе сол салада тәжірибесі бар сарапшылардың кеңесіне құлақ асқан абзал. Жұмыста қандай да бір мақтау немесе ескерту естуіңіз ғажап емес. Неге десеңіз, бүгін сіздің осы күнге дейінгі жұмысыңызға баға беріледі. Бұл күн қарбаласқа толы, осы қарбаласта өзіңізді шаршатпас үшін алдын-ала атқаратын істердің тізімін жазып алыңыз. Жоспарыңыздың басына өзіңіз үшін ең маңызды істі алға қойып, соны атқаруға күш жұмсаңыз. Бүгін адамдар стандарт емес дүниелерді қалауы мүмкін. Мұндай көңіл-күйдегі жандарға кітап оқуға, жаңа курс бастауға болады.

Сондай-ақ, бүгін эмоцияға сараң болмай, өз сезіміңізді ашық айтып, бүкпесіз білдіруге болады. Біреу сізден қандай да бір ақыл-кеңес сұрап келсе, мүмкіндігінше білгеніңізбен бөлісіңіз. Инттелектуалды сараңдықтан аулақ болсаңыз, қайтарымы да көңіл толарлықтай болмақ», - дейді Мадина Мұхамеди. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.