Қазақстанда әрбір үшінші отбасы тойып тамақ ішпейді – сарапшы
Ел тұрғындары табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды

Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) жүргізген зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтар соңғы 15 жылда отбасы табысының 50% азық-түлік алуға жұмсаған. Ал, экономикада халық ішіп-жемге неғұрлым көп қаржы жұмсаса, соғұрлым кедейлене түседі деген тұжырым бар.
Институт Қазақстандағы 12 мың отбасы арасында зерттеу жүргізген. Статистика комитетінің мәліметінше, тұрғындар 2001 жылы барлық шығыстарының 54,4% -ын азық-түлікке жұмсаған.Тек 2006-2007 жылдары (41,7-41,6%) бұл шығын аздап азайған. Ал 2018 жылы табыстың 52,2% ас-ауқатқа кеткен.
Сарапшылар тапқан табыстың жартысы тамаққа жұмсалатыны инфляция мен азық-түліктің қымбаттауына байланысты екенін айтады. Мәселен, биыл ет бағасы 8,6% өссе, қант рекордты баға орнатқан.
«Зерттеуге қатысқан әр үшінші отбасы тамаққа ақша үнемдейді. Бұл халықтың көбі дұрыс тамақтанбайды дегенді білдіреді. Уақытылы тамақ ішпеу ересек адамдар үшін қауіпті болмаса да, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Табыс деңгейінің төмендігі және азық-түлік тауарларына шығындардың көп болуы салдарынан қазақстандықтар қорға ақша жинау мүмкіндіктерінен айырылады. Сондай-ақ, қарыз алуға мәжбүр. Бұл ел экономикасының тұралап, тұрғындардың кедейленуіне әкеледі», - деді ӘЭСИ сарапшысы Камила Ковязина.
Азық-түліктен бөлек, киім-кешек, гигиена құралдары, дәрі-дәрмек пен бензин сынды тауарларға ел тұрғындары табысының 4/1 бөлігін жұмсайды.
«Респонденттердің 58% -ы жалақыдан жалақыға дейін әупірімдеп өмір сүреді. Сатып алу қабілетінің төмендеуіне байланысты қазақстандықтар қосымша табыс көздерін іздеуге мәжбүр. Қаржылық қиындықтардан шығу үшін, тұрғындар банктер, микрокредиттік ұйымдардан қарызға ақша алуға мәжбүр. Олардың қазіргі проблемаларын осылайша шешуге тырысуы болашақта жағдайларының одан әрі нашарлауына әкеледі. Біріншіден, ай сайынғы төлемдер жасайды, әрі көп мөлшерде сыйақы төлейді. Осылайша, қазақстандықтар қаржылық «құлдыққа түседі», - деді Камила Ковязина
«Кипр» сараптамалық тобының мүшелері қазақстандықтардың едәуір бөлігі орта тапқа да жатпайды деген тұжырыммен бөлісті.
«Үкімет халықтың әлеуметтік әлсіз тобына қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарап жатыр. Ал, қоғамда жұмыс істейтін азаматтар толық қамтамасыз етілген деген түсінік бар. Бірақ, іс жүзінде бұл санатқа да мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар көбірек назар аудару керек», - деп дейді КИПР сараптамалық тобының жетекшісі Ерлан Смайылов.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы