Ауыл тұрғындары төрт қана бала оқитын 3 қабатты мектептің жабылып қалуынан қауіптенеді
Білім басқармасындағылар мектепті жабу туралы нақты шешім қабылданбағанын айтты
Елімізде 2 761 елдімекен әлеуеті төмен ауылдардың санатына жатады. Олардың арасында тіпті болашағы жоқ аумақтар да бар. Тұрғылықты жерінен ешқайда көшкісі келмейтін ауыл жұртын алаңдататын мәселе жетерлік.
Мәселен, Қостанай облысында орналасқан Қ.Тұрғынбаев атындағы елдімекенінің тұрғындары ауылдағы жалғыз мектептің жабылып қалуынан қауіптенеді. Әулиекөл ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, ауылдағы Целиный бастауыш мектебінде бүгінде 4 қана бала білім алады. Оларға сабақ беретін екі ғана мұғалім бар. Ал ауылдағы тұрғындардың саны 138 адамды құрайды. Елдімекен аудан орталығынан 106 шақырым қашықтықта орналасқан. Ата-аналардың көбі балаларын өзге аудандар мен қалаға оқуға жіберуден басқа амалы жоғын айтады.
«Ауылымызда бір ғана мектеп бар. Мектебіміз жап-жақсы, 3 қабатты. Былтыр оқушылар 9-шы сыныпқа дейін оқитын. Бірақ өткен жылдың қыркүйек айынан бастап тек бастауыш сыныптарын қалдырды. Жоғары сыныптарды оқушылар саны жетпейді деген желеумен жауып тастады. Көп ата-ана балаларын басқа аудандарға оқуға жіберуге мәжбүр болды. Келер жылы мектебіміз мүлдем жыбылып қала ма деп қорқамыз. Біз мектептің жабылуына қарсымыз», - дейді Әсемгүл Бекманова.
Облыстық білім басқармасындағылар аталған мектептің жабылуы, не жабылмауына қатысты әзірге нақты шешім жоқ екендігін мәлімдеді. Ал, осы мектепте білім алып жатқан балалар осы оқу жылын еш алаңдамай аяқтайтын болады.
Еліміздің «Білім туралы» заңындағы жалпы білім беру ұйымдарының мемлекеттік нормативі бойынша бастауыш сыныптарды қамтитын мектептерде оқушылар саны кемінде 5 баланы құрауға тиіс. Олай болмаған жағдайда, білім ұясының жабылып қалуы бек мүмкін.
Бүгінде республикамыздағы оқушылардың 60 пайызға жуығы онлайн форматта оқып жатқанын еске салсақ, Тұрғынбаев елдімекеніндегі балалар әзірге мұндай мүмкіндікке ие болмай отыр. Өйткені, ауылда 4G түгілі, интернет атымен жоқ.
«Ауылда интернет атымен жоқ. Бір ғана байланыс түрі орнатылған, сол арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік бар. Қарапайым WhatsApp мессенджерін қоса алмаймыз. Былтыр ауруханамыз жабылды. Дәріхана да жоқ. Ауылымыз көркейсе дейміз. Мұндағы тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады. Жайылымға жақсы жер. Бірақ ауылымыз дамып жатқан жоқ. Ал біздің бұл жақтан көшкіміз келмейді», - деді ауыл тұрғыны.
Қыс келгенде Қ.Тұрғынбаев ауылы тұрғындарын әбігерге салатын тағы бір мәселе бар: ол – жолдың жабылып қалуы. Алайда, аудан әкімдігі бюджет нақтыланса, бұл проблема шешімін табатынын айтып отыр.
«Қантар-ақпан айларында ауылға кіретін жолды тазарту үшін «Картбаев» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалынды. Басқа мезгілде қызмет көрсетуге ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізілуде», - деді «Әулиекөл ауданы әкімінің аппараты» ММ жетекшісі Асқар Күбеков.
Соңғы 3 жылдың ішінде Тұрғынбаев ауылынан 61 адам көшіп кеткен екен. Ал олардың орнын басқан ешкім жоқ. Саясаттанушы Самат Нұртаза қалаға көшуге тек жастардың ынтық екенін алға тартады.
«Ауыл тұрғындарының қалалық жерге көшкісі келмейтіне қатысты негізгі екі фактор бар. Біріншісі - кейбір тұрғындар ауылдағы тыныс-тіршілігін өзгерткісі келмейді. Екіншісі – ата-бабасының зираты. Олардың балалары қалаға кетіп жатқанымен, туып-өскен жерін қимайтын қариялар көп жағдайда ауылында қалып қояды. Біз әдетте оралмандарға «Неге көшіп келмейсіңдер?» деп назымызды білдіреміз. Олар да дәл солай туған жерін тастап кеткісі келмейді. Ал мемлекет тарапынан ауылдарды көркейту үшін жасалынып жатқан бағдарламалар, әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатындар үшін тиімді», - дейді Самат Нұртаза.
Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 41 пайызы (7,7 млн) әлі де ауылдық елдімекендерде тұрып жатыр. Жастар тарапы қалаға ұмтылғанымен, туған ауылын қимайтын қариялардың қарасы жетерлік. Десе де бүгінде қорасы малға толған қазақтың саны көп емес екенін ескерсек, жұмыссыздықтың күйін кешіп, мемлекеттің азын-аулақ берген әлеуметтік көмегі мен зейнетақысына күн көріп жатқандар да бар.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік тыныс-тіршілігін дамытуда жаңа стандарттарға сәйкес 3 жарым мыңнан астам ауылдың жаңғыртылатынын айтқан болатын.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде республика бойынша 6 322 ауылдық елдімекен бар. Оның ішінде 1 173 үлкен (тірек) ауыл және солардың айналасында 2 388 кішірек (спутниктік) ауыл бар. Яғни әлеуеті жоғары саналатын 3 561 елдімекенде ауыл халқы санының 85%-ы тұрады.
Елімізде 2019 жылдан бастап ауылды дамытуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Ұлттық экономика министрлігінің Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметіне сүйенсек, соңғы 2 жылда бағдарлама аясында елдімекендерді дамытуға мемлекеттік бюджеттен 130 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Аталған қаражатқа 238 ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы салынып, жөнделді. 2021 жылы аталған жоба аясында ауылдық аумақтарды жаңғыртуға 35 млрд теңгеден астам қаражат ббөлу жоспарлануда. Бұл сома 159 ауылдық елдімекенді көркейтуге жұмсалады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан