«Қателік бірнеше бапта ғана емес, бүтін жобада жатыр». Дау тудырған заң жобасы туралы сарапшы пікірі
Маманның сөзінше, сүндетке отырғызу, құлақ тесу зорлық болып танылады
2020 жылдың 23 қыркүйегінде Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасын өткен аптадан бері қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Депутат Ирина Үнжақова таныстырған заң жобасын қоғамдағы бір топ «салт-дәстүрімізге қарсы» десе, келесі бір белсенділер «аталған заң арқылы балалар мен әйелдер құқын қорғауға ие боламыз» дегенді алға тартып отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған заң жобасының қай баптарында қателіктер кеткенін Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр Аймурзаұлынан сұрап білді.
Оқи отырыңыз: «Отбасылық зорлық-зомбылық туралы» заң қоғамды екіге жарды: тараптардың талабы қандай?
Маман аталған заңды қабылдаған 55 депутаттың бірде-біреуі қазақ тілінде осы заңды негіздеп бере алмайды дейді. Әріптестері заңгерлердің талабы бойынша, қыркүйек айынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды құраушылар қатарына қосылған. Халықты шулатып жатқан заң жобасымен толықтай таныс маман қателік бірнеше бапта ғана емес, бүтін жобада жатыр деп мәлім етті.
«Талабымыз бойынша әріптестеріміз аталған заңды құраушы жұмыс тобының қатарына кірді және материалдармен танысып, пікірімізді заң мәтініне қарай айтып, нақты фактілерге сүйене отырып, маман ретінде халықты ақпараттандырып жатырмыз. Заңның бабы мен тармағы ғана емес, бұл жоба толығымен біздің қоғамға сай келмейді. Заңның атауы «Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» деп аталғанмен, мазмұны оның атауына қарама-қайшы. Екіншіден, біз ҚР азаматы, заңгер маман ретінде бізде қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылыққа қарсымыз. Бірақ мына заң зорлықтың алдына алуға немесе оны жоюға бағытталмаған. Керісінше, отбасының ойранын шығарады, баланы қолдағанның орнына қорлайды, ауру қылады, толық отбасын жесір қылады, ұлттық құндылыққа кесір қылады. Талдап айтар болсам, қыркүйек айындағы қаралып, оқылымда мақұлданған жобаға сәйкес 5-баптың 11-тармағы «Зорлық-зомбылыққа ықпал ететін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға тыйым салынады» делінген. Мына заңның мәтініне қарайтын болсаңыз, кез-келген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты осы заңның аясына кіргізіп жіберген. Баланы бесікке бөлеу үшін біз оның рұқсатын алмаймыз ғой?! Біз дәстүр бойынша, вертикальді бағыну, яғни, атаның өсиеті, әженің әлдиі, әкенің мысымен өсіп келе жатқан ұрпақпыз. Ал жаңа заң бойынша, ата-ана мен бала тең құқылы. Егер олардың құқықтары бірдей болса, міндет те бірдей болу керек қой. Анасын баласын бағуға міндеттесек, онда бала да өмірге келе салып, ата-анасын бағуға міндеттелсін. Балаға «тәйт» деп сөз айта алмасақ, оны қалай тәрбиелейміз. Сонда бесікке бөлеу, мұсылманша сүндетке отырғызсаң немесе христиандық дін бойынша қыста суға шомылдырсаң, оның бәрі зорлық-зомбылық болып табылады», - деді заңгер.
ЗОРЛЫҚ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН АДАМҒА ҚАРАЖАТ БЕРІЛЕДІ
Жаңа заңда зорлық-зомбылықтың тағы бір түрі ретінде – экономикалық зорлық қарастырылған. Заң бойынша, Қазақстанның әрбір азаматы 15 шаршы метрге құқылы болса, сәбидің ата-анасы дүниеге келе сала, сол 15 шаршы метрмен қамтамасыз етуі тиіс екен.
«Біз мемлекет толық халықтың жағдайын жасап тастаған елде тұрып жатқан жоқпыз, Қазақстанда мұқтаж адамдар жетерлік. Одан кейін «Баланың мүддесіне, қызығушылығына бей-жай қарау» деген бар. Мысалы, менің баламды бүгін iPhone 6 қызықса, одан кейін iPhone 12-ге қызығуы мүмкін. Оны алып бермесең бала жылайды, бала жыласа көршің құқық қорғау ұйымына қоңырау шала алады. Нәтижесінде құқық қорғау ұйымдары сіздің балаңызды тартып алып кете алады. Сондай-ақ, ол туралы хабарлаған адамға қаражат тағайындалады. Кез келген адам сіздің отбасыңыздың ойранын шығаруға қызығушылық білдіруге ықтимал. Балаға қандай тамақ беріп жатсың, оны қалай киіндіріп, қалай білім беріп жатқаныңды қадағалауға алу бұлардың басты мақсаты. Қазіргі заң бойынша, баланың ата-анасы ішкілікке салынған, психикалық ауытқуы болса, қамқоршы органдар сот арқылы өз қорғауына алады. Мына заң жобасы бойынша, бұл мәселемен мемлекеттік емес ұйымдар айналысуы керек және оның қандай ұйымдар екені көрсетілмеген. Біздің әкімші ұйымға кіретін қамқоршы ұйымдарды сол мемлекеттік емес ұйымдар қатарына кіргізбекші», - дейді Мадияр Аймурзаұлы.
«БАТЫСТЫҢ АҚШАСЫНА ДАҒДАРЫС ҰЙЫМДАРЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР»
Сарапшының пікірінше, аталған заң жобасының жүзеге асуына батыстың дағдарыс орталықтары мүдделі болып отыр. Қазірдің өзінде Түркістан облысында пилоттық жоба сынақтап өтіп жатыр екен.
«Біздегі дағдарыс орталықтары батыс ұйымдарының қаражатына жасалып жатыр. Түркістан облысында пилоттық жоба қолға алынды. Заң күшіне енген жоқ, бірақ кей өңірлерде тәжірибе жасалып жатыр. Балаларды әке-шешесінен алып қойған жағдайды көріп жүрсіздер және олай алып қойған жағдайда баланың ата-анасын писхокоррекциядан өтуге міндеттейді. Бұған дейін, психокоррекция медициналық тексерістен өтіп, сот шешімі шыққаннан кейін ғана тағайындалған. Жаңа заң бойынша, оны сот шешімінсіз тағайындайды. Бұрын ата-аналық құқықтан айыруды сот тағайындаса, мына жағдайда мемлекеттік емес ұйымдар шешетін болады. Бұл екі ғана ұғымдағы қателікті айтып тұрмын. Біздегі ҚР заңнамасы және Жоғарғы соттың шешіміне сәйкес, кез келген мәселе бірінші бітімгершілікпен шешілуге бағытталады. Мына заң бойынша, көршіңіз қоңырау шалса, алдымен кім кінәлі екенін анықтамастан, баланы алып кетеді. Өйткені олар заң бойынша, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп дағдарыс орталығына алып кетеді. Түркістанда болған жағдай сияқты, ата-анаға ең алдымен «Психокоррекциядан өтіп кел, содан кейін баланы көруге бола ма, болмай ма біз айтамыз» дейді. Бала дағдарыс орталығында өзі сияқты балалармен бірге ата-анасынан оқшауланады. Кішкентай бала 30 тәулік ата-анасын көрмесе, оған дәрі-дәрмектер беріліп жатса, ол бала қалыпты жағдайға қайта келе ма, келмей ме?! Ол баланы отбасынан алып қою осы заңның 13-бабының 10-шы тармағында, 35, 36 баптарында көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың құзыретті органдармен қарым-қатынасы 18-бапта көрсетілген. Қорғау мәселесі (защитное предписание) 31-бапта көрсетілген. Кей жағдайда үйдің иесін 12 айға дейін өз үйіне келуге тыйым салады және қай аудандарда жүруге болмайтыны жазылып беріледі. 12 ай немесе 30 тәулік ер адам өз үйіне, ауданына келе алмаса, әйелі жұмыс істемейтін болса, оларға тамақты кім әкеліп, жағдайды кім жасайды?! Әйелінің арызымен оқшауланған еркек кейін келіп кешірім сұрап, қайта татуласа ма?! Ол сол оқшауланудың кезінде басқа үй іздейді, басқа адаммен танысады, нәтижесінде сол отбасының ойраны шығады», - дейді сарапшы.
Мадияр Аймурзаұлы аталған заң жобасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударуын сұрады.
«Бұл заң біздің салт-дәстүрімізге, құндылықтарымызға, болмысымызға қарсы. Біз бұл заң жобасын қараудан алып тастау керек. Өткен аптада Беларусь президенті Лукашенко: «Біз батыстық отбасылардан үлгі алмауымыз керек. Біз өз бала-шағамызды ата-бабамыздың салт-дәстүрі негізінде тәрбиелейміз. Басқа елдің тәжірбиесі керек емес» деп айтып еді, бүгін Грузия президенті: «Біз өз отбасыларымызды өзіміз, өз салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеп, қамтамасыз етеміз. Бізге сендердің қаржыларың да қажет емес, мемлекеттік ұйымдарың да қажет емес!» деді.
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз неге осы заң жобасы жайлы көзқарасыңызды көрсетпейсіз? Еліміздегі ақсақалдар, аналар, өнер жұлдыздары, қоғам белсенділері пікірін білдіріп жатыр. Осы жағдай қоғамда кең таралып, талқыға салынып жатқанда, ел президенті өз пікірін айтып, заңға тоқтау салады деп сенемін!», - деді маман.
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан