ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Бір ғана компания Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты мекемелердің 1 млрд теңгесін иеленген

Қаржының біразы бір көзден берілген

Фото ашық дереккөзден

Жуырда БАҚ Жамбыл облысының әкімдігі пандемия өршіп тұрған кезде бір мобильді қосымша дайындау үшін 65 млн теңге төлегенін және ол қосымшаны бар-жоғы он шақты адам ғана көшіргенін жазды. Azattyq Ruhy тақырыпты тереңірек зерттеп, «Смарт-волонтер» қосымшасы облыстықБілім басқармасы ақша төлеген жалғыз «күдікті» жоба емес екенін анықтады. Жамбыл облысы әкімдігіне осы қосымшаны жасап берген компания тіркелгеннен бері мемлекеттік сатып алу сайты арқылы 50 тапсырыс ұтып алған (конкурс, бір көзден сатып алу). Таң қалмаңыз, бірақ сол елу тендердің 48-і аудандық, қалалық басқармаларды қосқанда, Жамбыл облысының әкімдігіне тікелей бағынатын мемлекеттік мекемелерден алынған.

«BENEDIXIMUS» ЖШС-нан лайфках: Бір облыстан 1 млрд теңгенің тапсырысын алу үшін не істеу керек?

Компания туралы қысқаша мәлімет берсек. «Benediximus» 2018 жылы 19 сәуірде құрылған. Ресми иесі – Абзал Әбдішев деген азамат, 1992 жылы туған. Ол туралы көпке қолжетімді ақпарат аз. Әлеуметтік желіде небары екі досы бар, оның біреуі Тараз университетінде сабақ беретін өз анасы. «2 жыл ішінде компания әртүрлі 11 жобаны жүзеге асырды» деп жазған компания өз сайтында. Ия, 2021 жылдың сәуірінде компанияның құрылғанына 3 жыл толады, осы уақыт аралығында компания мемлекеттік сатып алу сайтынан 50 мемтапсырыс ұтқан, оның 48-і жоғарыда айтқанымыздай, Жамбыл облысының әкімдігіне қарасты мекемелердің тендері болса, осы 48-дің 99% облыс әкімдігінің Білім басқармасымен байланысты.

Осылайша, «Benediximus» құрылған датасы – 2018 жылдың 19 сәуірінен бастап мемлекеттік келісімшарттар есебінен 1 млрд 365 млн 653 мың теңге кіріс көрген, оның ішінде 707 млн 449 мың теңгесі биылғы табысы.

Білім басқармасы компанияның қай қызметі үшін қанша миллион төледі?

Компания құрылған уақыттан бергі Жамбыл облысы әкімдігінің басшылығы туралы бэкграунд ұсынбасақ болмас. Өйткені, жекеменшік компанияға миллиондаған теңгенің тендерін өткізіп жатқанда, Жамбыл облысында өте күрделі әлеуметтік оқиғалар тіркелген.

2018 жылдың 10 қаңтарында Жамбыл облысының әкімі болып Асқар Мырзахметов тағайындалды. 2020 жылдың 10 ақпанында Қордай оқиғасынан кейін ол қызметінен кетті. 2019 жылдың 18 қарашасында Тараз қаласындағы мектептің бірінде, дәлірек айтсақ, мектептің сыртындағы дәретханада педофил 12 жастағы оқушы қызды зорлап кетті. Ол кезде Білім басқармасын Рахия Тұрмағамбетова басқарған, ол осы оқиғадан кейін, яғни 2019 жылдың 20 қарашасында жұмыстан кетті. Бірақ, бірнеше аптадан кейін, 2019 жылдың 5 желтоқсанында әкімдікке қарасты тілдерді дамыту басқармасына басшы болып келген. Дереккөздерде Рахия Тұрмағамбетова Жамбыл облысы білім басқармасын 2019 жылдың 20 қарашасына дейін бірнеше жыл басқарды деп жазылған. Яғни, оның да қызмет ету мерзімі 2017-2019 жылдар аралығына келеді.

Сонымен, оқушы қыз педофилдің құрбаны болған 2019 жыл. Оқиғадан кейін, білім басқармасының басшысы жұмыстан кетіп, Тараздағы ғана емес, Қазақстандағы мектептердің даладағы дәретханасы күн тәртібіндегі ең маңызды проблемаға айналғанда, облыс басшылығы Жамбыл облысы бойынша, 442 мектеп болса, соның 260-да дәретхана далада орналасқан деп мәлімет берді.

Ал, бұл кезде Таразда құрылған жап-жас компания «Benediximus» облыстың білім басқармасынан алған 108 млн 250 мың теңгенің тендерін игеріп жатты. Білім басқармасы бұл ақшаны «EDU Robotics» деген бірегей әдістеме аясында ұстаздарды қашықтан робототехника, 3D модельдеу мен программалауға үйрету курсын» өткізуге бөлген. Контрагенттер сайтында «Benediximus» келісімшартты орындап, ақшасын алды деп хабарланған. Бір курс үшін 108 млн теңге қаражаты бар облыстық білім басқарма болмағанда Тараз қаласындағы мектептердің дәретханасын неге мектеп ішіне салмағаны түсініксіз.

Бұл аз десеңіз, мына бір тендерге назар аударыңыз: компания Жамбыл облысы білім басқармасынан тағы бір тендер жеңген, қаражат тағы да сол 2019 жылы игерілген. Конкурстың аты «білім беру саласындағы еdusystems.kz  жүйесіне қосылу» деп аталады. Құны – 75 млн теңге.

Дәл Тараз қаласының білім басқармасы дәретхана мәселесі өзектеніп тұрғанда, қайда қаражат жұмсағанын талдап көрейік. 2019 жылы Тараз қаласы әкімдігінің білім беру бөлімі «EDUschool: АҚЫЛДЫ ҚАЛА» деген ақпараттық жүйеге қолдау көрсету үшін 16 млн теңге бөліп, конкурсты тағы да «Benediximus» компаниясы жеңіп алады.

Ал, жуырда резонанс тудырған «Смарт-волонтер» жобасына «Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасына қарасты «Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығы» КММ тапсырыс берген. «Benediximus» компаниясын ең жақсы көретін мекеме де осы, тек 2020 жылдың өзінде мемлекеттік сатып алу сайты арқылы «Benediximus» әкімдікке қарасты осы орталықтан 660 млн 580 мың теңге шамасындағы тендерлерді ұтып алған.

Мысалы, «Benediximus» компаниясы білім басқармасынан EDUgarden ақпараттық жүйесі үшін 38 млн 924 мың теңге, EDUSchool жүйесі үшін 49 млн 734 мың теңге, EDUColledge ақпараттық жүйесі үшін 10 млн 650 мың теңге алған.

Жамбыл облысының жастар саясаты пандемия кезінде 65 млн теңгеге «Smart-volunteer» қосымшасын жасатса, 2020 жылдың 20 шілдесі күні тіркелген су жаңа ұйым – Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы тағы да осы «Benediximus» компаниясына 75 млн теңге беріп, «Smart City: ашық әкімдік» деген ақпараттық жүйе жасатқан.

Жалпы, алғанда, «Benediximus» Жамбыл облысының әкімдігінен, облыстық, қалалық, аудандық білім басқармаларынан миллиард теңгеден астам қаражатты «ақылды балабақша, ақылды мектеп, ақылды колледж», жалпы, «ақылды білім беру жүйесін» жасап беру үшін алған. Осы мақсаттарға жету үшін әкімдіктердің жариялаған тендерлерінің бәрін тек «Benediximus» компаниясы жеңіп алғаны немесе құрылғаннан бері тек Жамбыл облысының әкімдігінен ғана тендер ұтып алғаны, ал, Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры 13 қаңтарда жария еткен сауалнамасы бойынша, сыбайлас жемқорлық жайлаған топ-10 өңірдің басында Жамбыл облысы тұрғаны сәйкестік болар.

Не дегенмен, осындай заманауи ақпараттық құралдармен жұмыс істеп жатқан Жамбыл облысының әкімдігі неге дәретхананы мектеп ішіне орната алмай отырғаны түсініксіз.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, Нұр-Сұлтан