«Бұл жануарларға қарсы зорлық-зомбылықты насихаттау»: Экология министрлігі Төреғалидың фотосуретіне пікір білдірді
Елімізде түлкі аулауға рұқсат берілген
Әнші Төреғали Төрәлінің қанға боялған түлкімен түскен фотосуретіне қатысты Экология министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, түлкіні аулауға 1 қарашадан 25 ақпан аралығында рұқсат етліген. Алайда, әншінің ауланған аңмен түскен суретін жариялауын министрлік ерсі қылық деп бағалады. Ведомство өкілдерінің пікірінше, бұл жануарларға қарсы зорлық-зомбылықты насихаттауға бағытталған фото.
«Аң аулау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы бұйрығына сәйкес, түлкі аңын 1 қараша мен 15 ақпан аралығында аулауға рұқсат етілген. Ол үшін аңға шығу туралы рұқсат қағазы болуы шарт. Дегенмен, мұндай суреттердің жариялануын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жануарларға қарсы зорлық-зомбылықты насихаттау деп есептейді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Алматы облысының Полиция департаменті жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша департамент құқықтық баға береді. Бұған дейінде ерсі қылығымен танылған әнші Төреғали Төреәлі қанға боялған түлкімен түскен фотосуретті Instagram әлеуметтік желісіне жариялап, халықтың наразылығына тап болды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы