$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2020, 12:47
Қоғам

Жаңа жылда қазақстандықтардың көбі Мысырға ұшып жатыр – Асылхан Есілов

Түркияға баратын саяхатшылар саны керісінше, азайған

Жаңа жылда қазақстандықтардың көбі Мысырға ұшып жатыр – Асылхан Есілов
фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Коронавирус індетіне қарамастан, Жаңа жылды теңіз жағасында, жылы елде қарсы алушылар қатары азайған емес. «Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есілов Azattyq Rýhy тілшісіне берген мәліметінде соңғы бір аптада қазақстандықтардың дені Мысырға ұшып жатқанын айтты.

«Соңғы аптада қазақстандықтар ең көп ұшып жатқан елдер көшін Мысыр елі бастап тұр. 25 желтоқсаннан бері Мысырға 2359 қазақстандық ұшқан. Екінші орында - Біріккен Араб Әмірлігі (1109), одан кейін - Мальдив республикасы (590), Түркия – 41 адам. Мальдив еліне тікелей рейс ашылғандықтан, бұл бағыттағы сапарлардың көбеюіне куә болып отырмыз.  Тайланд Корольдігі коронавирус індетіне байланысты жабық. Күн салқындағалы Түркия еліне барушылар саны азайды», - дейді қор директоры.

TravelBank туристік компаниясының менеджері Алена Огатаеваның айтуынша, Жаңа жылға қарсы тур бағасы жыл сайын қымбаттайды. Сол себепті туристердің дені шетелге билетті кемі 3-4 ай бұрын алып қояды.

«Коронавирус пандемиясына дейін туристер жарты жыл, бір жыл бұрын билет алып қоятын еді. Сәйкесінше, тур бағасы да арзанға түсетін. Ал биыл көпшілігі қай мемлекеттің ашық, қай елдің шекарасы жабық болатынын алдын ала білмеді. Сол себепті, өткен жылдармен салыстырғанда шетелге ұшып жатқан туристер саны өте аз. Мальдив аралдарына бір аптаға бару үшін кемі 1 миллион теңге ақшаң болуға тиіс. Осы ретте қазақстандықтар үшін ауа райы жағынан да, бағасы жағынан да қолайлы ел - Мысыр. Орташа есеппен бір адамға Мысырда демалу үшін 500 мың теңге қажет, Дубайда демалуға да осыған шамалас қаражат керек. Жаңа жылда қазақстандықтардың көбі өзге елге отбасымен ұшады. Тұтынушылардың арасында отбасымен 10 миллион теңгеге дейін тур сатып алғандар бар. Коронавирусқа байланысты шетелге ұшушылар саны екі есеге азайса да, билет құны, тур бағасы аса арзандай қоймады», - деді Алена Огатаева.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары