Түркістанда баспана бағасы бір жылда 2 есеге дейін қымбаттаған

Автор: Azattyq Rýhy

Қала облыс орталығы статусын алғалы бері жалдамалы пәтерлердің де құны шарықтап кетті

Түркістан қаласы баспана бағасы жағынан республикадағы қымбат қалалардың қатарына қосылды. Қазір мұнда пәтер алу үшін 6 миллион мен 13 миллион теңгенің арасында шығындану керек деп жазады «Хабар-24».

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Түркістан облыс орталығы статусын алғалы бері мұнда үйдің бағасы тоқтаусыз өсіп келеді екен. Мәселен, аз бөлмелі пәтерлерге кемі 3-4 миллион теңге қосылса, бұрын 10 миллион теңгеге бағаланған баспананы қазір кемі 16 миллион теңгеге сатып алуға болады дейді түркістандықтар. Ал, жалдап тұру бағасы мүлдем қымбат.

«Бұрын үйді жалдап тұру үшін айына 15-20 мың теңге болатын. Қазір 80-100 мың теңгеден арзанын таппайсыз. Мұндайды тек астана мен Алматыдан ғана көруші едік», - дейді жергілікті тұрғындар.

Қазір рухани шаһардағы жылжымайтын мүлік құны Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларымен шамалас. Мұны риэлторлар Түркістанға мемлекеттік қызметшілердің көптеп қоныс аударуымен байланыстырады.

Биылғы жоспарға сай жыл соңына дейін Түркістан қаласында мың жарым пәтерлі оннан аса көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Баспанаға мұқтаж 1150 азамат үйлі болмақ. Оның 259-ы көп балалы, 412-сі аз қамтылған отбасылар және 200-ге жуық жетім балалар. Қалғаны тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлеріне үлестірілмек. Айта кетейік, Түркістан облысында 35 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр.