Қызыл «кнопка»: ЭВАК жүйесіне автокөліктер неге тіркелмей жатыр?
Аталған жүйе апат кезінде көмек шақыру үшін қажет
Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай, автокөліктер 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап дабыл түймешесімен жабдықталуы керек еді. Төтенше жағдай қызметіне шұғыл дабыл беретін SOS түймешесі 2019 жылы 21 қаңтардан бастап қана іске қосылды. Ресейдің ғаламдық спутник жүйесі ГЛОНАСС арқылы жұмыс істейтін қызметке елде өткен екі жылда 120 мың автокөлік тіркелген. Бұл 5 млн автокөлігі бар Қазақстан үшін өте аз көрсеткіш.
Идея тамаша. SOS түймешесі – күре жолдағы апатқа тез жетіп, адамдарға жедел жәрдем көрсететін, адам өмірін сақтап қалуға қажетті санаулы минуттарды сыйлайтын «алтын қондырғы». Azattyq Rýhy тілшісі бұл жүйенің Қазақстандағы операторымен сұқбаттасып, әлеуметтік жобаның қазіргі жағдайын сұрап білді.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Ғарыштық техника және технологиялар институтының директоры Дәулет Ахметов кешігіп болса да бұл жүйенің жұмыс істей бастағанын айтты. Апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесінің (ЭВАК) негізгі операторы 2016 жылдан бері бұл жобаны жасап, 2019 жылы қаңтарда іске қосқан. Апатқа ұшыраған автокөліктен дабыл қабылдау үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында шұғыл оперативтік штаб жұмыс істейді.
«Негізі 2011 жылы бұл жүйе туралы әңгіме басталды. ЕАЭО пен Кедендік Одаққа кірген соң, бұл жүйені енгізу талабы қойылды. Бірақ Ресей 2015 жылдан бастап оны енгізді. Ал Қазақстан 2016 жылы байқау өткізіп, біздің инситут ұтып алды. Үш жыл қатарынан осы жүйені алдымен жасап, тесттен өткіздік. Тек 2019 жылы 21 қаңтарда мемлекеттік комиссия өндіріске қабылдады. Жүйенің толық атауы – Авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру мемлекеттік ақпарат жүйесі. Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Негізгі мақсаты – адамдарды құтқару, кім апатқа ұшырайды, соларға жедел көмек жіберу», - дейді инситут директоры.
Екі жылда орталыққа 300 мың қоңырау келіп түскен. Соның ішінен 1 мың адамды құтқаруға мүмкіндік болған. Негізінен қыс кезінде ауа райы күрт бұзылып, көліктер қар құрсауында қалғанда көмек сұрағандар көбейеді дейді институт басшысы. Қоңырау көп болғанымен, адамды ажалдан арашалап қалу мүмкіндігі қазір төмен. Оның басы себебі – ел аумағында GSM торабы бар жерлерден ғана дабыл қабылданады. Иен далада ұялы байланысы жоқ жерде апатқа ұшыраған көлікке көмек жіберу мүмкін емес. Апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі ұялы байланыс операторлары қамтыған желі аясында іске қосылады.
«Егер көлік апатқа түссе, ағашқа соғылса, аударылып кетсе, адам сол кезде хабарласуға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Сонда ЭВАК жүйесіне тіркелген көлік операторларға автоматты түрде белгі береді. Оператор байланысқы шығып, қандай көмек қажеттігін анықтауға тырысады. Сөйлесе алсаңыз қай жер екенін, қандай ауылдың маңы, әлде мидай далада отырсыз ба деп анықтап, дереу ТЖ Минстрлігіне ақпаратты жеткізеді. Тіршілік белгісі болмаса да, біздің операторлар көмек жіберуі керек. Біздің міндетіміз – ақпаратты қабылдап, жеткізу. Егер жанармай бітсе, дөңгелек жарылса да көмек сұрай аласыз», - дейді Дәулет Ахметов.
Қазір бұл жүйеге 120 мың автокөлік тіркелді. Өзіңіздің бұл жүйеде бар-жоғыңызды ЭВАК операторының арнайы сайты арқылы тексересіз. Ол үшін сайтқа көліктің VIN-кодын енгізу керек. Негізінен автоөндірушілер бұл қондырғыны зауыттан шыққанда өздері орнатып, ЭВАК жүйесіне тіркеуге міндетті. Егер автомобильді шетелден өз бетіңізше әкелсеңіз немесе ол ескі көлік болса, Қазақстанда арнайы лицензиясы бар 30 компания жұмыс істейді. Олар көлік иесін 6500 теңгеге тіркеп береді.
«Ең маңыздысы – ұялы байланыс операторларымен арнайы келісімшарт бар. Алтел, Қазақтелеком, Билайн және Кселл компаниялары төтенше жағдай кезінде тегін көмек қолын созуы тиіс. Байланыс туралы заңда арнайы бап бар, ол жерде ақысыз қызмет көрсету туралы талаптар бекітілген. Егер көлік кетіп бара жатып апатқа түскен жерде ұялы байланыс желісі немесе интернет болмаса, біздің тарапымыздан ешқандай көмек бармайды. Спутниктік желімен көмек көрсете алмаймыз. Кедендік Одаққа мүше елдердің техникалық регламенті аясында GSM байланысымен ғана жұмыс істейміз. Ал егер қоңырау жалған болса, оларға ешқандай айыппұл салынбайды. Операторлар күніне орта есеппен 100 қоңырау қабылдайды. Оның 90 пайызы жалған болып шағыды. Біз оларды жазаламаймыз, себебі заңда ондай тетік қарастырылмаған», - дейді инситут жетекшісі.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комиететінің дерегінше, Қазақстанда жылына 20 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Сол апаттардан 24 мың адам жараланады. Соның ішінде 6-7 мың адам қаза табады. 1 мыңға жуық ЭВАК көмегіне жүгіну арқылы өмірін сақтап қалған. Жалпы, елде 5 млн автокөлік тіркелсе, оның 2,4 пайызы ғана ЭВАК жүйесіне кірген.
«Қазір негізгі автоөндірушілер бұл жүйеге тіркелуге құлықсыз. Яғни зауыттан шыққан көліктерді компаниялар сатпас бұрын ЭВАК желісіне тіркеуі тиіс. Оның құны 2 АЕК. Алайда, «СарыАрқа АвтоПром», «Астана Моторс» және өзге де ірі ойыншылар бұған құлықсыз. Оларға әсер ететін, тіркеуді мәжбүрлейтін заң нормативтері жоқ. Сондықтан бұл процесс баяу жүріп жатыр. «Азия Авто» концерні белсенді, көліктерін тіркеп жатыр. Ал, жекелеген маркаларды алсақ, Фольксваген, Мерседес, Тойота көліктерін саудалаушы дилерлер біздің жүйеге тіркеуге тырысады. Олар байланыс операторларының барлығы тіркелген арнайы сим-картаны сатып алып, оны жаңа көліктерге орнатса жеткілікті. Ал, SOS түймешесі зауытта қойылады. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес міндетті процедура», - дейді Дәулет Ахметов.
Айта кету керек, әлемде негізінен төрт навигациялық спутниктік жүйе белсенді жұмыс істейді. Олар: GPS NAVSTAR — АҚШ Қорғаныс министрлігі, ГЛОНАСС — РФ Қорғаныс министрлігі, Beidou — Қытай спутниктік жүйесі және Galileo — Еуроодақ елдерінің навигациялық спутниктік жүйесі. ЭВАК – Ресейлік ГЛОНАСС спутниктік жүйесіне тіркеліп, ЕАЭО аясында өз жұмысын бастаған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы