$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.12.2020, 16:30
Қоғам

«Өлімші етіп сабады»: экс-күйеуінен қорлық көрген астаналық келіншек көпшіліктен көмек сұрады

Ол ұрып-соғу тағы қайталана ма деп қорқады

«Өлімші етіп сабады»: экс-күйеуінен қорлық көрген астаналық келіншек көпшіліктен көмек сұрады

Елордалық 36 жастағы әйел бұрынғы күйеуінен зәбір көріп жүргенін айтып, көпшіліктен көмек сұрады.

Эльмира есімді келіншек өзі үшін де, балалары үшін де қауіптенетінін айтады. Бұл туралы «НеМолчи.кз» қозғалысының Instagram-парақшасында жазылған.

Соңғы рет ұру оқиғасы 20 желтоқсанда болған көрінеді.

«Мені және сіңлімді бұрынғы күйеуім ұрып кетті. Оқиға 20 желтоқсан күні болды. Мен үйде емес едім, сіңлім хабарласып, бұрынғы күйеуімнің келіп тұрғанын айтты. Подъезде шу шығармасын деп үйге кіргізіпті. Мен үйге кешкі сағат 20:10-да келдім, ол ұйықтап жатыр екен. Сіңлім мен балаларым оның мас екенін айтты. Мен оны оятып, далаға шығарып жібермек болдым, анам келе жатыр деп алдадым. Бірақ есікті жауып үлгермедім, ол менің қолымнан тартып, подъезге шығарғысы келді. Сіңлім араша түсіп еді, оны балағаттап, соққының астына алды. Артынша мені ұрып, кейін тепкілеп тастады. Бірнеше секундқа есімді жоғалтып алдым. Есімді жисам балаларым жылап жатыр, экс-күйеуім ас үйде сіңлімді ұрып жатыр екен. Қолында пышағы болды. Балалар шошынып, қатты жылағанда есін жиып, үйден қашып кетті», - дейді зардап шеккен әйел.

Эльмира жолдасымен бірге некеде 11 жыл тұрған. Ортақ некеден 2 ұл және 1 қызы бар.

Келіншек медициналық көмекке және полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары Эльмираның бұрынғы күйеуіне тек түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізіпті.

«Маған көмек берулеріңізді сұраймын. Біздің заң әйелдерді тұрмыстық зомбылықтан құтқаруға дәрменсіз. Балалар мектепке бармақ түгілі, есіктің алдына шығуға қорқып отыр.

2019 жылдың қазан айында менің экс-жолдасым басқа әйелге кетіп қалған. Ол екеуін балаларым көріп қойған. Содан кейін мен балалармен бірге психологқа жүгініп, көмек алдық. Біз ресми түрде ажырасқанбыз. Бірақ ол бізді аңдып, ұрып-соғуын тоқтатпады», - дейді Эльмира.

«НеМолчи.кз» қозғалысы әйелін ұратын ерлерге қатысты заңды қатаңдату керек екенін бұған дейін бірнеше рет көтерген. Бұл жолы да олар заңның әлсіздігінен әйелдердің өміріне қауіп төнетінін айтады.

«Полиция ұрып-соққан адамды үш сағаттан артық ұстай алмайды, құқығы жоқ. Тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, босатады. «Қорғау ұйғарымын» шығарады. Алайда, ол ұйғарымды бұзғаны үшін құқықтық жауапкершілікке тартылмайды», - делінген қозғалыстың мәлімдемесінде.

Еске салайық, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін көпшілік петицияға қол қоюды қолға алды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары