«QI-Trade Kazakhstan» инвестициялық компаниясы 4 мың қазақстандықты 4 млрд теңгеге алдап түсірді

Мыңдаған адамды тақырға отырғызған жігіт небәрі 26 жаста

«QI-Trade Kazakhstan» инвестициялық компаниясы 4 мың қазақстандықты 4 млрд теңгеге алдап түсірді
Фотода Нұрлан Сағынбаев

«QI-Trade Kazakhstan» инвестициялық компаниясына ақша салған 4000 адам алданып қалды. Компанияның басшылары салымшылардың 4 миллиард теңгесін алып қашып кеткен. «QI-Trade Kazakhstan» компаниясының 26 және 45 жастағы екі жетекшісін салымшылар үш айдан бері таппай сенделіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Amazon сайты арқылы тауар сатамыз деген компания ел тұрғындарынан депозит мөлшеріне байланысты ай сайын 3-8% аралығында сыйақы беретіндерін айтып, азаматтардан инвестиция тартқан. Салымшылардың көбі қалталы азаматтар болса, біразы қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап берген. Тіпті, үйі мен көлігін сатқандары да бар. 

«Біз 4000 адамның атынан осы компания туралы барлық шындықты айтқымыз келеді. Оның бас директоры әрі құрылтайшылардың бірі – 1994 жылы туған Сағынбаев Нұрлан Дүйсенбайұлы. Екінші құрылтайшысы – 1975 жылы туған Бексұлтан Көшербаев. Олар Amazon сайтында тауарлармен сауда жасау, сондай-ақ әр түрлі жобаларға инвестиция құю деген желеумен өздерінің қылмыстық әрекетін жүзеге асырды», - деді құқық қорғау органдарына арызданған салымшылар.

Компанияның жарнамасына сеніп 10 миллион теңгесінен айрылып қалған қыздың бірі – Камила Кеңесжанова. Алаяқтардың қолына берген ақшаның бір бөлігін Камиланың өзі тапса, жартысын ауылдағы әкесі күннің ыстығында трактормен шапқан шөпті сатып жинаған екен. Қолдағы ақшаны бір жылда екі есе көбейтіп алуды көздеген Алматы облысының тұрғындары енді елмен бірге сенделіп жүр.

«Халықтан ақша алады, келісімге отырасың, жоғары пайызбен ақша төлеп отырады. Мысалы, олардың схемасы үш түрлі әдіспен құрылған. Біріншісінде, салымшының есеп-шотына келісім бойынша күн сайын, екіншісінде ай сайын және соңғысында жылына пайыздық түсім аударылып отырады. Мен 10 миллион теңге салдым. Есепшотыма күніне 31 мың теңге түсіп, ол пайданы жинап бір жылдан соң бірақ аламын деп келісімге отырғам. Енді міне әкем екеуміздің тапқан ақшамызды Нұрлан Сағынбаев алып қашып кетті. Олардың мемлекеттен алған лицензиясы, ресми құжаттары болған. Біз соған сендік. Жарнаманы әлеуметтік желілерден басқа, қоғамдық көліктерге де ілген. Компанияың негізін қалаушы – Марс Алжабаев деген шенеунік. Кейін ол компанияның құжатын мына адамдарға тіркеген. Біз бұл істің артында жасырын тұрған адамдар бар деп санаймыз. Алданған салымшылармен енді танысып жатырмыз, басқа қалалардан да келіп жатыр. Банктегі миллиард теңгені шешіп алып кетуіне біреулер көмектескен», - деді Камила Кеңесжанова.

Салымшылардың сөзінше, Сағымбаев қыркүйекте қашып кетсе де, офистегі қызметкерлер желтоқсан айына дейін елден ақша алып, пайда көретініне сендіріп отырған. Алданған адамдардың соңғысы осыдан небәрі үш апта бұрын 100 миллион теңгені компанияға сеніп тапсырыпты. Ал тағы бір зейнеткер бұл «бизнеске» өзі ғана емес, намерелерін де сендіріп, коттеджін сатқызып, 273 миллион теңгені бере салған. Ақшадан айрылған салымшылардың көптігі бүгін құқық қорғау органдары мен әкімдіктің өкілдерімен бірге өткізген жиында айтылды.

«Сағынбаев кыркүйекте қашып кетсе де, менеджерлері халықтан ақша алып отырған. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Он күннен соң халықаралық іздеуге береміз деді құқық қорғау органдарының адамдары. Ал бастықтары қашып кетсе де, оларға ақша аударып отырған менеджерлері бостандықта жүр. Мемлекеттік органдарға сұрақ көп, олардан жауап жоқ. Тағы да айтамын, мұның ар жағында үлкен адамдар тұр. Сағынбаевтың өзі «мені таба алмайсыңдар, шетелдемін» деп мазақтап тұрған неше түрлі видеоларын жіберіп жатыр. Компания офистегі кассирлерді де жиі ауыстырып отырған», - деді алданып қалғандарына намыстанып, атын айтпауды өтінген тағы бір салымшы.

Елге жоғары пайызбен ақша беруге уәде еткен компания 2017 жылы ашылған. Бас офистері Алматыдағы Медеу ауданы әкімдігінің қасында орналасқан. 4 жылдай жымысқы әрекетін еркін жүргізген қаржылық компанияны салық органдары, прокуратура, өзге де басқармалар «тексермеген». Қазіргі уақытта оның бас директоры Нұрлан Сағынбаев салымшылардың жалпы сомасы 4 млрд теңгені құрайтын ақшасын алып, белгісіз бағытта қашып кеткен. Бұрынғы «бастықтарын» таппай қалған салымшылар Н.Сағынбаев Қазақстан Республикасының шекарасынан шығып кетті дегенге сенбейді. Өйткені, аса ірі көлемде ақшаны шекарадан алып шығу «мүмкін емес» деп санайды. Алматы қаласы Полиция департаменті аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлімі (Қылмыстық топтың аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алаяқтар қолға түсіп, сотталса бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады. Ал Атырау облыстық Полиция департаменті Сағынбаев пен Көшербаевқа іздеу жариялады.

«Салышмшылар Н.Сағынбаевты бас директор немесе негізгі құрылтайшы дегенге сенбейді. Оның артында мемлекеттік құрылымға қатысы бар жасырын қылмыскерлер тұр. Өйткені 26 жастағы жігіттің қылмыстық алаяқтықты соншалықты сауатты жоспарлап, компанияның барлық есепшотын жалғыз өзі басқаруы мүмкін емес. Нұрлан Сағынбаев банктік шоттардан бірнеше миллиард теңгені қалай қолма-қол ақшаға айналдырған? Бұл ашық сұрақ болып қала береді. Компания өзінің қылмыстық әрекеттерін Медеу аймағында (мекен-жайы бойынша: Достық даңғылы, 250, Омаров көшесінің қиылысы), Алматы қаласы әкімдігі, қалалық прокуратура және басқа да мемлекеттік құрылымдар орналасқан жерде қалай жүзеге асыра алады? Екінші сұрақ, бұл компания лицензияны қалай алды? Үшінші сұрақ, QI-Trade Kazakhstan компаниясы Garant-24 жабылғаннан кейін биліктің тексерулерінен қалай өте алды?», - деді орган қызметкерлерінің жауабына қанағаттанбаған салымшылар.

Ал Өзбекстанның тумасы, Қазақстанның азаматтығын небәрі екі жыл бұрын ғана алған Сағынбаев өзін іздеген салымшыларға түрлі видеоүндеулерін жіберуді тоқтатар емес. Ол өзінің жазасыз қалатынына сенімді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.