Алексей Цой медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады

Денсаулық сақтау министрі 30 медицина қызметкеріне мемлекеттік награда табыстады

Алексей Цой медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен бірінші вице-министр Марат Шоранов онлайн форматта медицина қызметкерлерін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оларға мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыс етті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

«Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласында көптеген жетістіктерге қол жетті, жаңа заманауи ауруханалар салынуда, отандық медицина диагностика мен емдеудің ең озық технологияларын қабылдап, емханалар соңғы жабдықтарымен жарақтандырылуда. Ортақ үйіміз бен жерімізде бір-бірімізге деген құрмет пен ауызбіршілікті сақтай отырып, барлық қиындықтарды еңсеретінімізге сенімдімін, біз кез-келген сын-қатерлерге төтеп бере аламыз және қазақстандықтардың денсаулығын нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді А.Цой дәрігерлер қауымына.

Денсаулық сақтау министрі 30 медицина қызметкеріне мемлекеттік награда - «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт-Тоқаевтың атынан Құрмет грамоталарын табыстады.

Сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздік күнін, сондай-ақ ШЖҚ «Жоғары медициналық колледжі» КМК-ның 90 жылдығын, «А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ-ның 75 жылдығын, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның 60 жылдығын мерекелеуге байланысты М.Шоранов Денсаулық сақтау министрінің атынан ұзақ жылдар бойы және жемісті жұмысы, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін 1 687 ведомстволық награданы тапсырды. Оның ішінде «Еңбек ардагері» медалі 166 медицина қызметкері және денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлеріне, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі 323 медицина қызметкеріне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі 394 маманға берілсе, ҚР Денсаулық сақтау министрінің алғыс хаты 429 медицина қызметкері мен «Birgemiz. Sabaqtastyq» әлеуметтік жобасына қатысқан еріктілерге берілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.