Түркістан облысында қара жұмысқа жегілген оқушы бір қолынан айырылды
Ерасыл жалданып жұмысқа кеткенін әке-шешесіне айтпаған
Оқыс оқиға Ордабасы ауданындағы кірпіш зауытында болған. 14 жастағы жеткіншек қатарластарымен көрші ауылдағы зауытта жалданып жұмыс істеген. Сол жерде кесек үгітетін станоктың арасында қолы қыстырылып, білегінен төмен бөлігін түгел жұлып кеткен. Бұғанасы қатпай ауыр еңбекке жегіліп, енді мүгедек болып қалған баланың жайы туралы КТК арнасы хабарлады.
Ерасылдың анасы екі айдан бері ұлының жанынан шықпайды. 9-сыныптағы тұңғышы қолынан айырылғалы төсек тартып жатыр. Жеткіншектің айтуынша, қазан айының басында достары келіп, көрші Бадам ауылындағы кірпіш зауытына жұмыс істеуге шақырыпты. Күніне 3-4 мың табамыз деп жүргенде оқыс жағдайға тап болған.
«Кетіп бара жатқаным сол еді, кірді де, қолымды айналдыра бастады, айналдыра бастады. Сол кезде мына жағымды үзіп тастайды деп ойладым. Тартып қалып едім, саусақтарым бәрі жоқ боп кетті. Ішіндегі еті ағып кеткен», - дейді Ерасыл Жұмабек.
Ерасыл жалданып жұмысқа кеткенін әке-шешесіне айтпаған. Сенбі, жексенбі күні таңертең «достарыма кеттім» деп, Гүлмира есімді ауылдағы зауыт пен оқушылар арасындағы делдал әйелге барған. Жалпы, Шұбарсу ауылы оқушыларының өндіріс орындарында жалдануы қалыпты жағдай көрінеді.
Негізінен күн жылыда жұмыс істейтін кірпіш зауыты қазір тоқтап тұр. Жұмыс маусымы емес. Әйтпесе мұнда жұмыс күші ретінде алыс-жақын ауылдардан оқушылар тартылады екен. Солардың бірі Ерасыл оқыс оқиға болатын күні жұмыс істеген. Топырақ тастап тұрған жеткіншек байқаусызда қара лентаның үстіне құлайды. Сөйтіп оның қолы топырақты үгітіп жатқан станок арасында қалып кеткен.
«Сервисцентр-2007» зауытының басшылығы Ерасылдың анасына хабарласып: «500 мың теңге ал да, арызды доғар» деген екен. «Әйтпесе полиция мен сотты да сатып алам» деп доқ көрсетіпті. Ал екі ай бұрын жазылған арыздан нәтиже шығара алмаған жеткіншектің ата-анасы енді күмәнданып отыр.
«Мен еңбек инспекторына қапа болам. Маған хабарласып: «Балаңызды айлыққа істеді деп жазайық», - дейді. 14 жасар бала қалай істейді бұл айлыққа? Сөйтіп айтты. Нұрлан деген, фамилиясын білмеймін. Бірақ маған баланы айлыққа істейді деп айтсаңызшы, зейнетке шығады, көп сомада шығады деді», - дейді Ерасылдың анасы Тұрсынай Әбутәліпова.
Еңбек инспекциясы Ерасылдың анасы айтқан сөзді «жала» деп отыр. Зауыт басшылығына екі рет ескерту беріп, тіпті 180 мың теңге айыппұл салған көрінеді. Полицейлер де қылмыстық іс қозғадық дейді. Ал мүгедек боп қалған ұлдың отбасы кінәлі тараптан: «Ең болмаса сапалы протез қойып, ем-домына қаржы берсе екен» деп сұрайды.