$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2020, 05:43
Қоғам

Жамбыл мектептерінде даладағы дәретханалар мәселесі толық шешілді – әкім

Сондай-ақ облыстың барлық мектебі бақылау камераларымен жабдықталған

Жамбыл мектептерінде даладағы дәретханалар мәселесі толық шешілді – әкім

Жамбыл облысында 285 мектептің дәретханалары аулада орналасқан болатын. Жаңа оқу жылында облыстың барлық мектептері жылы дәретханалармен жабдықталды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұл мақсатқа 1,1 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, облыстың барлық мектебі бейнебақылау камераларымен жүз пайыз қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 41 мектепте турникеттер орнатылған. Оған жергілікті бюджеттен 179,7 млн теңге бөлінген. Қалған мектептерде турникеттер орнату шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Келер жылы ондай құрылғыны облыс бойынша 70 мектепте орнату жоспарланған.

«22 білім беру нысанының құрылысы мен қайта жаңғыртуға 10,7 миллиард теңге бағытталған. Оның ішінде 15 мектеп бар. Жыл басынан бері үш ауылдық мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 нысанның құрылысы аяқталады», - деді Б. Сапарбаев.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде 43 мектеп күрделі жөндеуден, 53 білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа 8 млрд теңге жұмсалған.

Серіктес жаңалықтары