Алматы облысында дәріханалар медициналық қызмет көрсете бастады
Мұндай тәжірибе ауруханалар мен емханаларда адам санының азайып, індеттің таралмауына септігін тигізуде
Алматы облысында індеттің екінші толқынына дәріханалар да жан-жақты дайындалуда. Дәрі-дәрмек қорын толықтырудан бөлек, дәріханалар медициналық қызмет көрсетуге лицензия алып, науқастарды қабылдап, ем-дом жасауға кірісті. Бұл турал облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаркент қаласында осындай тәжірибені енгізудің арқасында аудандық аурухана мен емханаларда адам саны азайып, індеттің таралуына жол берілмеуде. Сондай-ақ мұндай дәріханада орта буын медицина мамандары тұрақты жұмыспен қамтылады. Науқастардың тамырына ине салып, қан қысымын өлшеп, басқа да алғашқы медициналық көмек көрсетілуде.
«Біз таңғы 8.00-ден түнгі 00.00-ге дейін жұмыс істейміз. Бұл стационарда емделетін тұрғындарға өте қолайлы. Себебі ауру күндіз бе, түн бе, уақытқа қарамайды. Қазір кішкентай балаларды да қабылдап, қажетті емдік шараларын жүргізе бастадық. Бұл – біздің індеттің бірінші толқынынан алған сабағымыз», - дейді дәріхана меңгерушісі Захидам Умарова.