$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2019, 16:47
Қоғам

Өскеменде жәрдемақымен әзер күн көріп отырған аналарды әкімдік қызметкерлері сотқа берді

Енді олар Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарына 600 мың теңге моральдық өтемақы төлеуі мүмкін

Өскеменде жәрдемақымен әзер күн көріп отырған аналарды әкімдік қызметкерлері сотқа берді
Фотоколлаж

Өскемен қаласы әкімдігің қызметкерлері көп балалы аналармен соттаспақ. Ар-намысымызды таптады деп ашуға мінген Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары соттан көп балалы аналарды қылмыстық іске тартуды сұрап отыр деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әкімдік өкілдері аз қамтылған көп балалы 6 ананың әр қайсысынан 100 мың теңге көлемінде моральдік өтемақы төлеткізбекші. Халықты жұмыспен қамту орталығының 3 қызметкері жағдайлары онсыз да нашар отбасылардан осылайша 600 мың теңге өндіртіп алмақ.

Өздерінен кеңес сұрап келген аналарды сотқа беруге WhatsApp-мессенджердегі топта жазылған хаттар себеп болған. Әйелдер Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері – Айнұр Қабдешова, Диляра Қабышева және Жұлдыз Мұмұқанованың жұмыстағы әрекеті мен түр-сипатын WhatsApp-тағы ортақ чатта талқылаған. Ар-намысымызға нұсқан келтіріп, жала жапты деген үш қызметкердің арызы Өскемен қалалық №2 сотына 13 қараша күні жолданған.

«6 ананың үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері сотқа шағымданды. Орталық қызметкерлердің бұл әрекетін мен аналарды басыну деп бағалаймын. Қылмыстық іс қозғау ақылға қонбайды. Аналардың айтты деп арыз жаза берсе онда не болады? Онда қараңғыға қамалып, мәселені көтермей отырайық сотқа береді екен деп. Бұлай болмайды», - дейді «Ақжүніс» аналар қоғамының Шығыс-Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Жұлдыз Ақтамжанова.

Ал арызданушылар өздерінің психикалық соққы алғандарын, ұжымның арасында да шындыққа негізсіз әңгімелердің тарағанын айтты. Көктемнен бері «талқыда» жүрген қыздар қазір еркін жүре алмайтын болдық дейді.

«Біз әлеуметтік салада жұмыс істейміз. Контингент ауыр, қиын. Аз қамтылған отбасылармен, көп балалы аналармен жұмыс істеп, кеңес береміз. Әлеуметтік желілерде олар біздің жеке басымызға тиіп, ар-намысымызды қорлайды. Бұл адамдар үнемі бір нәрсеге наразы, ешқашан риза емес. Олар осында тек ашу-ызамен келеді, тез қабылдамадың деп айғайға басады. Кабинетте шу шығарады. Бұл жазбалар осындағы қызметкрелерге соққы болды. Қазір әріптестеріміз бізді мазақ қылатын болған. Сотқа берудегі мақсатымыз – бұл келекені тоқтату. Бізге пара алады деп те жала жапты. Олардың тобында қандай хаттардың жазылғанын ҰҚК-ға арыздану арқылы анықтауға болады», - деді Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы АӘК алушылармен жұмыс істеу бөлімінің маманы Жұлдыз Мұмұқанова.

Әкімдік қызмектерлері сотқа 6 ғана емес, одан да көп ананы тартуға негіз бар деп санайды. Айтуларынша, тіл тигізіп, мазақ қылатын аналардың саны әлі де көп. Олардың бәрін анықтау үшін Полиция депаратментіне арыздана алатындарын да ескертті.

«Біздің жұмысымыз өте ауыр. Менің жасым 34-те. Осында жұмысқа тұрғаныма екі жыл болды. Мені «екі баласы бар», «несиеге пәтер алған», «ажырасқан», «африкадан келген» депті.  WhatsApp-тағы суретімді көшіріп, өз топтарына мазақ қып таратқан. Ботагөз Байжігітова мен туралы аузына келгенін айтқан. Мен ажыраспақ түгілі, әлі күйеуге де тимедім. Осыны естігенде түнімен ұйықтай алмай, жылап шықтым. Жұмысқа барсам бәрі күледі. Төбемнен жай түскендей болды», - дейді ашуын баса алмай жүрген Айнұр Қабдешова.

Арызданушылар әлеуметтік көмек алып отырған әйелдердің қайда тұратынын, немен айналысатынын және оларға қандай бап бойынша айып тағу керектігін арыздарында нақты көрсеткен. Бір топ ананы ҚР ҚК 131-бабы (Қорлау) және 147-баптың 4-бөлігі (Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз тарату не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру) бойынша жазалауды сұраған. Ал, онсыз да мемлекеттік жәрдемақымен күн көріп отырған аналар өтемақы төлеуге қауқарларының жоқ екенін жеткізді.

«Әйелдер топта әңгіме айтады. Ол әңгімелерге мен де қосылғанмын. Өйткені, Орталықтағы қыздар дөрекі жауап береді. Біз ғана емес, өзге де топтарда оларды жамандап отырады. «Семіз», «сорлы» деп айттым. Сонда айтылған сөздерді біреу скриндеп жеткізген. Содан олар бізге қарсы арыз жазды. Бірақ, мен бұл әрекеттерім үшін Айнұрдың (ред - А.Қабдешова) алдына барып кешірім сұрағам екі рет. Сонда да сотқа беріпті», - дейді 4 баланың анасы Ботагөз Байжігітова.

Аталған арыз бойынша іс Өскемен қалалық №2 сотында қарашаның 28 күні қаралмақ. Аналардың тағдырын сол сәтте судья Қ. Салбанова шешпек.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары