ШұғылБір аптада коронавирустан 73 қазақстандық қайтыс болды

Өңірлерде мүгедектердің құқығы көптеп бұзылып жатқаны анықталды

Қазақстанда барлығы 34 883 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бар

2020 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің өңірлік департаменттері жүргізген тексерулер барысында 472 нысанда мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне кіріп-шығуын қамтамасыз ету бойынша заңбұзушылықтар болғаны анықталды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жоғарыда аталған кезеңде мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет және көліктік қызмет көрсету салаларындағы объектілерде заңбұзушылықтарды анықтау бойынша барлығы 658 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде 624 объектіде мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлы ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан тексеру жүргізілді. Бұл ретте профилактикалық бақылау шеңберінде 459 тексеру жүргізілді, азаматтардың өтініштері бойынша жоспардан тыс 199 тексеруге бастамашылық етілді.

«Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 472 ұйғарым берілді, олардың 37-сі бойынша жалпы сомасы 9,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды», - делінген министрлік хабарламасында.

Бүгінде Қазақстанда барлығы 34 883 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бар, оның ішінде 34 509 объектіде жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны ұйымдастыру тұрғысынан паспорттау жүргізуді жоспарлап отыр. 2020 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша рәсім 34 279 объектіде жүргізілді.

Айта кету керек, 25 648 (75%) паспортталған объект қосымша бейімделуге тиіс. Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың 24 939-ы бейімделді.