«Аяз қысқанда не істейсіңдер?»: Сапарбаев қысқа қамсыз шенеуніктерді сынға алды

Таразда тұрғын үйлерге 7 қазаннан бастап жылу берілген, бірақ жеткілікті деңгейде емес

Жамбыл облысында тұрғындар пәтерінің суықтығына шағымданған. Облыс басшысы аталған мәселеге тікелей жауапты басшыларды сынға алды. Тараз қаласындағы көпқабатты пәтерлерге қажетті деңгейде жылу берілмеген.

Сапарбаевтың айтуынша, нағыз аяз әлі басталған жоқ, ал тұрғындар қазірдің өзінде шағымданып жатыр. Биыл Таразда әлеуметтік нысандарға 1 қазаннан, тұрғын үйлерге 7 қазаннан бастап жылу берілген. Алайда барлық пәтерл жылумен қамтылмаған, жауаптылар қысқа толыққанды дайын болмаған. Облыс орталығы тұрғындарынан жылу дұрыс берілмеуіне қатысты шағым көбейген. Арнайы комиссия 30-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді тексеріп, пәтерлерде температура белгіленген ең төменгі көрсеткіш 20 градусқа да жетпегенін анықтаған.

«Аязды күндер әлі келген жоқ, ал тұрғындар қазірдің өзінде-ақ пәтеріндегі суыққа шағымдана бастады. Маған әлеуметтік желілер арқылы барлық шағынаудан тұрғындарынан шағым түсті. Қазір ауа райы жыли түсіп, мәселе өздігінен шешіле қалды. Алайда, нағыз аяз қысқанда не істейсіздер? Тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруге міндеттісіздер. Сіздер және басшыларыңыз үйлер мен әлеуметтік нысандарды жеке-жеке тексеріп шығуға тиіссіздер», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев тұрғындардың барлық өтінішіне жауап ретінде шаралар қабылданып жатқанын айтып, ақталуға тырысты. «ТаразЭнергоОрталық» АҚ басшысы Әбутәліп Серікбаевтың айтуынша, қаланың бірнеше шағынауданында техникалық себептерге байланысты температуралық режим сақталмаған.

«Жылу мәселесі бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Ауа райы жылылығы басшылардың босаңсуына себеп емес. Мұндай проблемалар облыстың кейбір аудандарында да кездеседі. Жылумен жабдықтаушы ұйымдар міндетін толығымен орындауы керек. Сіздердің міндеттеріңіз – осыны қадағалау», - деді Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне тапсырма жүктеп.

Сондай-ақ, ол қалалық әкімдікке ПИК басшыларымен бірлесіп, белсенді әрекет етіп, тұрғын үйлердің дайындығына назар аударуды тапсырды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 86 ауылдағы 156 мекеме газға қосылмаған. Жылу энергиясын жеткізушілер мен тұтынушылар арасындағы берешекті өтеуге қатысты мәселе де шешімін таппаған.

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.