Несие рақымшылығына іліну үшін не істеу керек?
Кейбір азаматтар қарыз кешірілгендігі туралы хабарлама келмегендіктен өздерін ондай санатта жоқпыз деп есептеп жүр
Қазір халықты көп мазалайтын сұрақ – Президент жарлығына сәйкес несиесі кешірілетін топқа жатса да, оларға не себепті банктен қуанышты хабар келмей жатқаны туралы.
Кейбір азаматтар қарыз кешірілгендігі туралы хабарлама келмегендіктен өздерін ондай санатта жоқпыз деп есептеп жүр. Бірақ, мәселеде басқада.
Несиесі кешірілетін қазақстандықтар туралы мәліметті Ұлттық банкке ұсынатын орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бірақ, бұл министрлікте бұрыннан әлеуметтік көмек алып жүрген адамдардың ғана мәліметі бар. Мысалы, базада көпбалалы ана ретінде жәрдемақы алатын аналардың мәліметі болса, жұбайының мәліметі Еңбек министрлігінде жоқ.
«Әділет министрлігінің деректер қорында 2008 жылға дейін некесін қиған адамдардың неке қию туралы мәліметі толық емес. «Несием неге кешірілмеді?» деп бізге хабарласқан адамдардың барлығын АХАЖ бөлімдеріне барып, құжатының электронды түрге ауысуына ықпал етіңіз деп нұсқап жатырмыз. Ал, жетім балалар бойынша мәліметті өзіміз Білім министрлігінен аламыз», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Әділет министрлігі «Азаттық рухы» тілшісіне мәлім еткендей, жалпы министрлік Қазақстан Республикасының аумағындағы 1937-2008 жылдар аралығында қағаз жүзінде тіркелген мұрағаттық акт жазбаларын түгелдей электронды форматқа ауыстырып біткен. Барлығы 50 милллионға жуық акт жазба бар.
Мәліметіңіз неғұрлым тез сәйкестенсе, несие кешіру процесі де соғұрлым тез жүреді. Жалпы, бұл науқан төмендегі алты топқа жататын адамның соңғысының несиесі кешірілгенге дейін жалғасады. Ең бастысы, 2019 жылдың 1 маусымға дейінгі мәліметтер ғана ескеріледі. Мәселен, төртінші балаңыз 3 маусым күні дүниеге келсе, сіз несиесі кешірілетін адамдар қатарына жатпайсыз.
Айта кетейік, Президент жарлығына сәйкес, төмендегі алты топқа жататын азаматтардың 2019 жылдың 1 маусымына дейін алған несиесі бойынша пайыздары кешіріліп жатыр.
1. Көпбалалы отбасы;
2. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы;
3. Асыраушысынан айырылған отбасы;
4. 18 жасқа толмаған мүгедек бала асырап отырған отбасы;
5. Туа біткен мүгедектігі бар 29 жасқа толмаған азаматтар;
6. Жетім балалар немесе 18 жасқа дейін ата-анасының қарауынсыз қалған балалар.
Ал, Әділет министрлігі азаматтарға үйден шықпай-ақ, өз мәліметтерін тез сәйкестендіру жолын ұсынып отыр. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба керек. Сол арқылы электронды үкімет порталының басты бетіндегі «Жеке тұлғалардың акт жазбаларын тексеру қызметі» сервистер бөлімінің сілтемесіне кіріп, мәліметтеріңізді сәйкестендіре аласыз.