Петропавлда балықшылардың «Мөңке күні» мерекесі өтті
«Мөңке күні» мерекесінде 250 литр балық сорпасы пісірілді
Ресей мен Қазақстан балықшылары балық аулаудан сынға түсті
Қармақ ұстаған балықшылар таңғы 8:00-ден Пестрое көліне қарай ағылды. Бұл күні ауа райы да тып-тымық болып, балықшыларға қолайлы жағдай тудырды.
Жарыс басталғаны жарияланып, балықшылар қайыққа отырған соң, көлде тыныштық орнады. Өйткені балықты үркітіп алмау маңызды. Жарыс ережесіне сай, бірнеше қармақ пайдалануға болады. Тек барлығын бір мезетте емес, кезекпен пайдалану шарт. Балықшылар мөңке аулап жарысса, аспаздар дәмді сорпа әзірлеуден сынға түсті. Ал, қаз-қатар тігілген көмекшілер балық аршуға кірісті.
Шамалы уақыттан соң қазан көтеріліп, ошақта от маздады. Балық сорпасының 7 түрі әзірленді
3 сағат өткенде жарыс уақыты аяқталды. Балықшылар жағаға келіп, олжасын таразыға тартты
17 жастағы Максим Богдановтың қармағына 1,5 келі балық ілініп, 1-ші орынға ие болды. Жарысқа алғаш рет қатысқан жігіттің жолы болды.
Жарыста қармаққа ілінген ең ірі мөңке 330 грамм тартты. Ол - Дамир Ашпековтың олжасы.
Фестиваль соңы көңілді концертке ұласты. Ұйымдастырушылар осымен төртінші мәрте өткен «Мөңке күні» келесі жылы да жалғасын табатынын айтты.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО