Петропавлда жатақхана тапшы: студенттер үйі отбасыларға жалға берілген
Білім беру мекемелері студенттерді баспанамен толық қамтамасыз ете алмай отыр
Петропавлда студенттік жатақханаларда 1 700-ден астам орын тапшы. Ал гуманитарлық-техникалық колледждегі студенттер үйінің бөлмелері отбасылы жандарға жалға берілген,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында 17 колледж бен бір жоғары оқу орны бар. Білім беру мекемелері студенттерді баспанамен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Медициналық, Машина жасау, Қызмет көрсету саласы колледждерінде студенттер тұратын орын мүлде жоқ. Кейбір нысандардың жағдайы сын көтермейді. Солардың бірі - жекеменшік Гуманитарлық-техникалық колледждің жатақхана корпусы. Бұл жерде "Нұр Отан" партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты мен «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бірлесе жүргізген мониторинг барысында бірқатар олқылықтар анықталған.
«Жатақхана көптен бері күрделі жөндеу көрмеген. Кереуеттерінің тозығы жеткен. Бөлмелердегі жағымсыз иіс аңқаны қабады. Асханада өткен ғасырда пайдаланылған электр пештер тұр. Жихан ешқашан жаңаланбағандай әсер қалдырды. Жағдайды ресми хат арқылы облыстық білім басқармасына жеткізіп, олқылықтарды жоюды қадағалауға нұсқау бердік», - дейді «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостина.
Аталған жатақхананың 3-5 қабаттарында студенттер орналастырылса, қалған бөлмелері отбасылы жандарға жалға берілген. Студенттер ай сайын 7 мың теңге төлейтін болса, 1-2 қабат тұрғындарының қалтасы 20 мың теңгеге қағылады. Облыс орталығында бір бөлмелі пәтер жалдау бағасы 50 мың теңгеден басталатынын ескерсек, қалалықтар үшін студенттер үйі тиімді ұсыныс.
«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жүргізген мониторингке сәйкес, бұл Петропавлдағы ақысы ең қымбат жатақхана. Алайда, тұтынушыларға бағаға сай жағдай жасалмаған. Колледж басшылығы оны қаражат тапшылығымен байланыстырды.
«Жекеменшік білім беру ұйымы болғандықтан, мемлекет тарапынан бізге қаражат бөлінбейді. Ал ересектер студенттерден бөлек қабатта тұрып жатыр. Олар бір-бірімен араласпайды. Комендант бәрін қадағалайды», - деп қысқа қайырды колледж директорының орынбасары Мария Алексеева.
Рейд Петропавл қаласындағы барлық студенттер үйін қамтыған. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі жоғары оқу орны Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жатақханалары. Білім ордасында 1036 студентке арналған жалпы аумағы 120 742 шаршы метрді құрайтын үш корпус бар. Мониторинг көрсеткеніндей, жастар жатақханаға Қазақстан Республикасының тиісті заңнамаларында қарастырылған тәртіп бойынша орналастырылған. Ата-ана қамқорлығынан айрылған және жетім балалар тегін тұрады. Сонымен қатар, 2019-2020 оқы жылынан бастап, «Электронды ректорат» арқылы жатақхнаға тұрғындарды орналастыру электронды жүйе арқылы жүзеге асырылады. Яғни студенттер бұрынғыдай сабақбасталардың алдында бірнеше күн бұрын облыс орталығына келмей-ақ уақыт пен қаржыны үнемдеп, Интернет арқылы өтініш жолдай алады. Бұл әсіресе Петропавлдан шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін ыңғайлы.
Студенттердің өтінішін арнайы крмиссия қарастырады. Одан кейін студенттермен келісім-шарт жасалады. Ай сайынғы төлемақы көлемі 4 200 теңге.
«М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жатақханасында тұратын студенттер бөлмелерін, дәлізді өздері жинайды. Бұл – жастарды тазалықты бағалай білуге, еңбекқорлыққа баулитыны сөзсіз. Мұнда жапноия тәжірибесі енгізілуде. Бұл құжат жүзінде бекітіліп қойған тәртіп. Егер университет мүлкі сынса – айыпты студенттер оны өздері жөндейді немесе өтейді. Мониторинг көрсеткеніндей, шешімін таппай жүрген мәселелер де жоқ емес. Мәселен, студенттер төлемақысы коммуналдық шығындарды жаппайды. Өткен жылдың есебін мысалға келтірер болсақ, шығын 23 миллион теңге болған. Ал жиналған ақша небәрі 11 миллион теңге», - дейді Екатерина Старостина.
Жұмыс тобы тексерген нысандардың тағы бірі – Петропал қалалық құрылыс-экономикалық колледжінің жатақханасы. Жалпы аумағы 3 180 шаршы метр 91 бөлме бар. Әрбіреуі 3 адамға арналған. Мұндағы тұрғындар жатақхана үшін 3 500 теңге төлейді. 207 орынға шақталған нысанда 249 студент өмір сүріп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-педагогикалық колледжінің де жатақханасы назардан тыс қалған жоқ. Аталған нысан «Үздік жатақхана» байқауында 2-ші орын алған болатын. 220 адамға шақталған ғимаратта 117 студент тұрып жатыр. Әр бөлмеде санитарлық торап бар. Ғимаратта толықтай күрделі жөндеу жүргізілген. Төлемақы 5 мың теңге.
Солтүстік Қазақстан облысының 5 колледжінде жатақхана мүлде жоқ. Оның үшеуі қалада: Петропавлдағы Машина жасау колледжі, Медициналық коледж және Қызмет көрсету саласы колледжі. Қалған үшеуі ауылдық жерлерде: Тимирязев агротехникалық және Новоишим техникалық колледждері.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО