$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2019, 00:29
Қоғам

Ақтөбелік тұрғын пәтеріне 10 жыл бойы қоқыс жинаған

Плюшкин синдромы бар Михаил Слободянюк қоқысты бір бөлмелі пәтеріне он жыл бойы жинапты

Ақтөбелік тұрғын пәтеріне 10 жыл бойы қоқыс жинаған

Ақтөбеде 63 жастағы тұрғын пәтерін қоқысқа лық толтырған. Плюшкин синдромы бар Михаил Слободянюк қоқысты бір бөлмелі пәтеріне он жыл бойы жинапты. Зейнеткер тас қараңғы пәтерде жарықсыз, ауыз сусыз өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.    

Тастай қараңғы пәтерде Михаил Слободянюк жалғыз тұрады. Бір бөлмелі пәтерде не жарық, не су жоқ. Зейнеткер он жыл бұрын зайыбынан айырылып, жалғыз қалған. Оның үстіне, ұзақ жылдар бойы авиазауытта аға шебер болған ол 90-жылдары зауыт жабылғалы жұмыссыз қалған. Фотограф болып күн көрген. Бірақ онысынан түк шықпаған. Содан бері қоқыс жинауды шығарған.  

«Жақсы зат көрсем үйге алып келемін. Қажетіме жарап қалар деп ойлаймын. Үйде бір нәрселер жасау үшін де осы материалдар керек болады», – дейді тұрғын Михаил СЛОБОДЯНЮК.

Михаил бесқабатты үйдің бесіншісінде тұрады. Пәтерде ине шаншар жер жоқ. Осылай өмір сүргеніне он жылға жуықтаған. Көршілер өз қауіпсіздіктері үшін оның осы әдетінен қорқады екен.  

«Біз бір күні еден тесіліп, астында тұратын тоқсандағы әжейдің үстіне түсе ме деп қорқамыз. Апатты жағдай туып, өрт шықса не істейміз? Қатты қорқамыз», – дейді көршісі Ольга ТУРГАНОВА.

Ал үй иесі көршілерінің «үйді тазартайық» деген ұсынысына келіспей отырған көрінеді.  

«Бір рет үйіне кірсем ұйықтап жатыр екен. Ал газ жанып тұр. Ауаға жанып тұр. Өртеніп кете жаздады. Қоқысты үйіңнен шығар деген ескертуімізді тыңдамайды. Плюшкин синдромы бар адам ғой. Барлығы керек дейді. Қоқыс өзі үшін де, біз үшін де қауіпті екенін түсінбейді», – дейді тағы бір көршісі Наталья ДМИЧЕНКО.

Михаилдің бұрыңғы кеңес заманындағы қызыл паспортынан бөтен құжаты жоқ. Учаскелік полицейлер жақында 63 жасқа келетін азаматтың зейнетақы алуы үшін құжаттарын реттеп бермек. Бірақ үйін қоқыстан тазартуға құқымыз жоқ деп отыр.  

«Бізге оның рұқсаты керек. Егер ол өзі «шығарып бер» десе, біз дайынбыз. ПМК-мен сөйлесіп қойдық. Олар да «көлік әкелейік» деп отыр. Өзім де сол қоқысты тазартуға дайынмын. Бірақ пәтер иесінің рұқсаты керек. Ол оның заңды үйі ғой. Ал біз заңсыз кіре алмаймыз. Арызданып, тек соттан қаулы шығарып берсе ғана кіре аламыз», – деді учаскелік инспектор Нұрсайын ЕСЕНАМАНОВ.

Ол үшін көршілері ұжымдық арыз жазып, сотқа шағымдануы керек екен. Сонда ғана сот оның үйін күштеп тазартуға қаулы шығара алмақ. Михаилға сондай-ақ, психологиялық көмек те қажет көрінеді. 
 

Серіктес жаңалықтары