Таразда газ жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды

Газ қосып берген мердігер өзіне шаң жуытпай отыр

Таразда газ жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Таразда жер үйде газ жарылып, 11 жастағы бала зардап шекті. Денесінің 15 пайызы күйген бала қазір ауруханада жатыр. Жаңадан салынған төрт бөлмелі үй тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Баспананың шатыры мен қабырғасы қираған. Бұл туралы КТК хабарлайды. 

Оқыс оқиға күндізгі сағат екі шамасында қала шетіндегі жер үйлердің бірінде болды. Бұл баспанада жылу жоқ деп ешкім тұрмаған.

Бірақ үй иесінің әйелі белгілі бір себеппен баласын ертіп осында келіпті. Екеуі үйге кіре бергенде қатты дүмпу болған.   

«Әйелім мен балам ғана еді. Олар құжат алу үшін барған. 11 жастағы ұлым үйге бірінші кіріп жарықты қосады. Сол сәтте қатты дүмпу болған. Ұлым қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Әйелім зардап шеккен жоқ», - деп түсіндірді баланың әкесі Асат Алиев.

Жарылыс дауысын естіген көрші-қолаң дереу келіп қирандының астынан жеткіншекті шығарып алған. Бірден жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізіпті. Ұлының денесі күйіп, талып жатқанын көрген ана әлі есеңгіреп жүр. Сөйлеуге мұршасы жоқ. Ауылдастары мұндай жағдай тағы қайталана ма деп үрейленеді.

«Қорқыныш бар. Жүрегім дірілдеп тұр, үйіме бара алмай отырмын. Екі немерем үйде отыр», - дейді Ләззат Сәрсенова есімді көршісі.

Үй иесінің айтуынша, көшеге былтыр газ құбыры жүргізілген. Өздері қаржының жоқтығынан биыл жазда әрең дегенде ақысын төлеп құтылыпты. Сөйтіп жарылыстан бір күн бұрын түнде көгілдір отын қосылған. Бірақ «табиғи газды қолданбадық» дейді. Себебі, үйге түнемеген. Ал газ қосып берген мердігер өзіне шаң жуытпай отыр.

«Өздері түнде келген ғой, мүмкін балалары ашқан шығар. Бұл жерде адами фактор болған, ал техникалық қауіпсіздік жағынан кемшілік жоқ», - дейді газ тартушы компания өкілі Бауыржан Бозымбеков.

Жарылыс болған баспананың маңына ешкімді жолатпай жатыр. Шаңырақтың төбесі опырылып, ортасына түскен. Қабырғасы да қирап қалыпты. Сондықтан бұл жерде тұруға болады деп айтуға негіз жоқ. Енді үйдің иесіне болашақта жаңа үй тұрғызуына тура келетін сияқты.

Оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, себебін анықтауға кірісті. Шенеуніктер үйі қирап қалған отбасы далада қалмайды деп сендіреді. Үш баласымен далада тентіреп қалған ерлі-зайыптыға газ құбырын тартып берген мердігер уақытша баспана ұсынатын болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.