$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2020, 17:30
Қоғам

Неге жүкті әйелдер арасында өлім-жітім көбейді? Биыл Қазақстанда қанша әйел үйінде босанды?

Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстандағы ана өлімі 2,8 есе көбейген 

Неге жүкті әйелдер арасында өлім-жітім көбейді? Биыл Қазақстанда қанша әйел үйінде босанды?
Көрнекі фото

Елімізде пандемия уақытында жүкті әйелдердің өлімі күрт жоғарылады. Әсіресе коронавирус өршіген жаз айларында бұл көрсеткіш еселей түскен. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Мағрипа Ембергенованың Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында Қазақстандағы жүкті әйелдердің өлімі – 40,1 пайызға, яғни өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өскен. Сондай-ақ ана өлімі әлемнің бірнеше мемлекетінде де көбейіп, індет аяғы ауыр әйелдерге айтарлықтай қауіп төндірген.

«Биыл 10 айда жаңа туған 100 мың нәресте санына шаққандағы ана өлімі күрт көбейді – 40,1 пайыз (2019 жылы бұл көрсеткіш - 14%). Пандемия салдарынан жүкті әйелдер арасындағы өлімнің көбеюі әлемнің бірнеше мемлекетінде де тіркелді. АҚШ-тағы аурудың алдын алу және бақылау орталығының, The Washigton Post басылымының 22 қаңтар мен 3 қазан арасында жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жүкті әйелдердің өлім-жітімі коронавирустан көз жұмған әйелдердің 70 пайызын құрайды», - дейді медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Хамитқызы.

ДСМ өкілінің айтуынша, пандемия кезінде Қазақстанда жүкті әйелдердің саны да артып, өткен жылмен салыстырғанда дүниеге келген сәбилердің де қатары артқан.

«1 қаңтардан 7 қарашаға дейінгі аралықта босанған әйелдер саны 10689-ға артып, 344 989 әйел босанған (2019 жылы – 334 304. Осы аралықта дүниеге 360 307 сәби келіп, өткен жылмен салыстырғанда 19 мыңға дейін көбейді (2019 жылы – 341 мың). Есепте тұрған жүкті әйелдер саны да 15 мың адамға артып, 222 983-ке жетті (2019 ж. – 207 681). Былтырғы және биылғы үйде босанғандардың статистикасы 0,14 пайызды құрайды (2019 жылы - 482, 2020 жылы – 486). Үйде босанған әйелдер арасында өлім жағдайы тіркелген жоқ», - дейді Мағрипа Ембергенова.

ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР ВИРУСТЫҚ АУРУҒА ҰШЫРАУҒА БЕЙІМ КЕЛЕДІ

Министрліктің берген мәліметінше, жүкті әйелдердің ағзасы түрлі вирустық ауруларды жұқтыруға барынша бейім келеді және олар аурудың тез асқынуы бойынша жоғары топқа жатады.

«Жүкті әйелдер пандемия кезіндегі асқынулардың дамуына қатысты тәуекелі жоғары топқа жатқызылған. Ғалымдардың жасаған тұжырымы бойынша, мұндай жоғары қауіптің болуы жүкті әйел ағзасында болатын физиологиялық өзгерістерге байланысты: тамыр соғысының жиілеуі мен жүкті әйел ағзасының оттегіге мұқтаждығының артуы, өкпе сыйымдылығының шектелуі, иммундық жүйедегі ауытқулардың болуы, қанның қоюлану жүйесінің өзгеруіне байланысты инфекция ауыр ағымда өтіп, веноздық тромбоздың даму қаупі болады.

Ана өлімінің артуына тағы бір себеп - жүкті әйелдердің дәрігер көмегіне дер кезінде жүгінбей, емханаға барып, қаралуға жүрексініп, үй жағдайында өзіндік ем қабылдау нәтижесінде ауруханаға ауыр жағдайда, кеш келуіне байланысты болады», - дейді маман.

Маманның айтуынша, елімізде күрделі уақытта босанған аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралардың бәрі ұйымдастырылған.

«Коронавирус қаупін азайту және тұрғындарға, оның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға, пандемия кезеңінде медициналық көмекке қолжетімділік сапасын қамтамасыз ету, инфекцияның таралуын төмендету мақсатында іс-шаралар қабылданды. Өңірлерде коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерге дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін босандыру ұйымдарында инфекциялық оқшауландырған бөлімшелер ұйымдастырылды», - дейді ол.

«ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛАУ – ӘР ОТБАСЫНЫҢ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕСІ»

Бұған дейін, академик, профессор Вячеслав Локшин әйелдер қауымына пандемия біткенше балалы болуды жоспарламауға кеңес берген еді. ДСМ өкілі Вячеслав Локшиннің мәлімдемесіне пікір білдіріп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүктілікті кейінге қалдыру туралы тұжырым жасамағанын айтты.

«ДДСҰ-ның ұсынысы мен Министрлік нұсқауларында жүктілікті кейінге жоспарлау керек деген тұжырым жасалған жоқ. Жүктілікті жоспарлау әр отбасының жеке мәселесі және оны қай мерзімге жоспарлайтынын әр отбасы өзі шешеді. Бірақ кез келген жүктілікті жоспарлау алдында дәрігер қабылдауында болып, толық тексеруден өту қажет», - дейді Мағрипа Ембергенова.

«ВИРУС ӨРШІГЕН УАҚЫТТА БОСАНДЫМ»

Коронавирус өршіген жаз айларының бірінде босанған 23 жастағы Арайлым Қаппасова сәбиін аман-есен дүниеге әкелген. Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылының тұрғыны - қазір екі баланың анасы.

«Мен шілде айында босандым. Карантин күшейтілген уақыт еді. Барлық жүкті әйел босанар алдында коронавирусты анықтайтын анализ тапсырады. Сол кезде менен вирус белгілері анықталды. Қаралып жүрген аурухана отбасымды, жолдасым мен баламды 14 күнге карантинге жаппақшы болды. Мені Ақмола облысына қарасты Көкшетау қаласындағы ауруханаға жібереміз деген болатын. Сосын жанталасып, тексеріліп жүрген барлық ауруханаға хабарластым. Дәрігерлермен сөйлесіп, қалайда елордадағы перзентханалардың бірінде босануым керек екенін айтып, қасқайып тұрып алдым. Себебі, мені Көкшетауға қарасты ауруханаға апарса, ол жердегілер не балама, не өзіме дұрыс қарамайтынын сездім. Вирус жұқтырғандардың жанына апарса, жағдай мүлдем ушығар ма еді? Менің бойымда ауру белгілері байқалмады. Барлығы сияқты иіс, дәм сезбей жүрдім. Кейін ақылы түрде қайта анализ тапсырып, теріс жауап шықты. Сөйтіп Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 перзентханада босандым», - дейді Арайлым.

Арайлымның босанғанына 4-5 ай болған. Босанғаннан кейін баласынан да, өзінен де ешқандай ауру белгілері анықталмаған.

«Баламның десаулығын тексерткенде, еш қауіп табылған жоқ. Дені сау бала дүниеге келді. Өзімнің де денсаулығым жақсы, бір күннен кейін перзентханадан шықтық. Отбасымның, балаларымның қауіпсіздігі үшін алдын алу шараларының бәрін ұстандым. Жүкті кезімде гинекологпен апта сайын хабарласып, қаралып отырдым. Мазалаған сұрақтарға жауап алып, үнемі кеңес алып отырдым.

Әрине, пандемия жүкті әйелдерге қиындық туғызды. Үнемі уайымдап, үреймен жүрдік», - дейді Арайлым.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары