ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 44 қазақстандық қайтыс болды

Қазақстандық ғалым пандемия біткенше балалы болуды жоспарламауға кеңес берді

Пандемия кезінде жүкті әйелдердің өлімі көбейген

Көрнекі фото: ncvalues.org

Әлемдік пандемия Қазақстандағы жүкті әйелдердің арасындағы өлім-жітімнің көбеюіне себепкер болды. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин «COVID-19-бен күрестегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі zakon.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Вячеслав Локшин келтірген статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы 9 айдың ішінде 136 жүкті әйел көз жұмған. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда бірнеше есеге артық. Ақтөбе облысында жүкті әйелдердің өлімі 13 есеге, ал Қызылордада – 9, Шымкентте 7 есеге артқан. Былтыр республика бойынша 36 жағдай тіркелген.

«Маусым, шілде айларында жүкті әйелдерді ауруханаларға жатқызу бойынша көптеген қиындықтар болды. Денсаулық сақтау органдары тиісті келісімдер жасамады және шешімдер қабылдамады. Олар бірде инфекциялық, бірде провизорлық орталық ретінде жұмыс істеп жатты. Осыған байланысты аяғы ауыр келіншектер босану үшін әр перзентхананың есігін жағалауға мәжбүр болды. КВИ-дан бөлек, басқа да көптеген патология бар. Вирустың таралуы өршіп тұрған кезде ауруханалар жүкті әйелдерден ПТР-тестен өтуді талап етті. Бұл уақыт жоғалтуға себеп болды. Соның салдарынан айы-күні жақындаған әйелдер дер кезінде ауруханаларға жатқызылмай, оларға уақытында көмек берілмеді», - деді академик.

Бүгінде жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызу мәселесі реттелді. COVID-19 диагнозы бес мыңға жуық жүкті әйелден анықталды. Олардың барлығы тиісті ем қабылдады. Көптеген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, коронавирус инфекциясы анадан жаңа туған балаға берілмейді.

Десе де, Локшин жас отбасыларға әзірге балалы болу жоспарын мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес береді.

«Мәселен, 25 жастағы қыздың дені сау болса, балалы болуды пандемия аяқталғаннан кейін жоспарлағаны жөн. Кем дегенде, 2021 жылдың жазына дейін күткені дұрыс. Бәлкім, сол уақытта қазақстандықтар коронавирус індетіне қарсы вакцинаға қол жеткізетіншығар. Ал қазір тәуекелге бармаған дұрыс. Егер әйелдің жасы 38 немесе 40-та болса, ол күте алмайды. Өйткені бір жылдан кейін ол ЭКО жасата алмауы мүмкін», - деді маман.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан