$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2020, 17:51
Қоғам

Елімізде адам саудасының құрбаны болғандардың 10 пайызы шетелдіктер – ІІМ

Қызылорда тұрғыны кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқан

Елімізде адам саудасының құрбаны болғандардың 10 пайызы шетелдіктер – ІІМ
Көрнекі фото

Жуырда Ішкі істер министрлігі республика бойынша «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық шарасын өткізді. Үш күннің ішінде 65 қылмыстың беті ашылған. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның мақсаты - адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге және анықтау. Осылайша республика бойынша адам саудасымен айналысқан 6 жағдай тіркелді.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жезөкшелікпен айналысуға тартылған 10 азаматшаны анықтады. Оның ішінде біреуі әлі кәмелет жасқа толмаған. 

«Алматыда 26 жастағы Қызылорда тұрғыны екі қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ұсталды. Алдауға түскен қыздардың бірі кәмелет жасқа толмаған. Жалпы профилактикалық шара барысында жезөкшелер жиналған 48 притонның мекен-жайы анықталып, жеңгетайлықпен айналысқандар ұсталды. Жалға берілген нысан иелеріне қатысты 21 әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.

Полиция мұндай фактілерді әлеуметтік желілерде интимді қызметтерді ұсынған деректерге мониторинг жасау барысында анықтаған.

Ал, Ақтөбе облысында шетелдік мигранттың еңбек күшін заңсыз, әрі мәжбүрлі түрде пайдаланған қожалық иесі ұсталды.

«Шаруа иесі Өзбекстанның 58 жастағы азаматына бір жыл бойы мал баққызып, еңбек күшін пайдаланған. Сондай-ақ шетелдік азаматтың құжаттарын тартып алған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Дәл осындай сипаттағы қылмыс Қостанай облысында да тіркелді. Өңірде екі жыл бойы мал баққан 21 жастағы азамат құлдықтан босатылды. Зардап шеккен тұрғын дағдарыс орталығына орналастырды.

«Бейімбет Майлин ауданының Қайранкөл ауылының маңындағы шаруашылықта 33 жастағы тұрғын 2018 жылдың сәуір айынан бастап, 2020 жылдың қыркүйек айына дейін жас жігітті жайылымда үй малын қарау бойынша жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сай қылмыстық іс тіркелді», - деп хабарлады Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыста әлі күнге дейін жезөкшелікпен айналысу дерегі азаяр емес. Полиция өкілдері бұл жолы да тән саудасын көздейтін заңсыз кәсіпті анықтады.

«Қостанай қаласы Темірбаев көшесінде 2000 және 2001 жылы туған апалы-сіңлілі екі қызды жезөкшелікпен айналысуға тартқан 28 жастағы азаматша ұсталды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәнін саудалауға мәжбүрлеу жағдайы Нұр-Сұлтан қаласында да тіркелген. Елордада 22 жастағы Шымкент тұрғынын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген екі қыздың ұсталғаны хабарланды. 

«Қазақстанда адам саудасының құрбандары ішінде ел азаматтары да, шетелдіктер де кездеседі. Көбіне Орталық Азия елдерінен келген азаматтар осындай жағдайға тап болады. Проценттік өлшеммен алып қарасақ, құрбандардың 90 пайызы қазақстандықтар болса, 10 пайызы – шетелдіктер. Жасөспірімдер саудалаумен айналысқандар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, жасөспірімдерді жезөкшелікке тартқандар кемі 8 жылға сотталады», - делінген ІІМ баспасөз қызмет таратқан хабарламада.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары