ШҚО-да 21 мың жұмыс орны ашылды
Өңірдегі 479 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді
Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 77,4 миллиард теңгенің 819 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобасы әзірленіп, 21 мың жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс.
Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.
«479 әлеуметтік нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 266 жоба білім беру, 30 денсаулық сақтау, 76 мәдениет, 43 спорт, 66 жоба әлеуметтік қамтамасыз ету саласы бойынша. 87 шақырым су құбыры желісі, 238 шақырым жол мен көше жөнделді, 79 аула абаттандырылды», – деді облыс әкімі.
Семейдегі перинаталдық орталықта, Аягөз, Глубокое, Жарма және Ұлан аудандарындағы аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта Шемонайха қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Семейдегі онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының, сондай-ақ екі пәтерлі 37 үйдің құрылысы аяқталуда.
Өскемен қаласы мен Үржар ауданының әуежайларын қайта жаңарту, Онкология және хирургия орталығының операциялық блогын жаңғырту, Семей мен Өскеменде тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарда инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталды.