Jas Otan белсенділері әлеуметтік желілерде тағы бір акция бастады
Жастар өз арманымен бөліседі
Jas Otan жастар қанатының белсенділері мен мүшелері әлеуметтік желілерде «Menin Armanym» акциясын бастады.
Акция аясында жастар өз парақшаларында 10-15 жылдан кейінгі елімізді қалай көретіндері туралы посттар жариялап, өздерінің армандары мен ізгі тілектері туралы жазуда. Әрбір жарияланым #meninarmanym акциясының ресми хэштегімен бекітілген.
«Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, жастар 10-15 жылдан кейін қоғам мен елді қалай көретіндерін білуі маңызды.
«Көбінесе жастардың өзекті мәселелері тиісті деңгейде ашылмайды. Осындай акциялардың арқасында біз қандай өңірлерде, ауылдарда, қалаларда проблемалар бар екенін көріп отырамыз. Мәселен, мектептерді техникалық қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, интернетпен қамту және т.б. мәселелер. Мұның бәрін біз жастардың жарияланымынан көріп, білеміз, ескереміз және туындаған мәселелерді шешуге ықпал етеміз. Әрине, бұл жұмыс жүйелі жүргізілуде, біз әрқашан жастармен офлайн және онлайн форматта кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініш-тілектерін тыңдауға тырысамыз. Жастардың проблемалары олардың тікелей қатысуымен шешілуі тиіс деп санаймын», - деді Е. Бейсенбаев.
Қызылорда облысынан атаулы іс-шараның қатысушысы Дәрібай Назерке акцияның өзекті мәселелердің шешімін табуына және жастарға армандауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Мен Қазақстанда «жасыл» экономиканың белсенді дамығанын қалаймын. Біз мұндай жаңғырту 2013 жылғы мамырда қабылданған «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада жазылғанын білеміз. Құжатта «жасыл» экономика мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды екендігі айтылған. Мен онымен толық келісемін, өйткені «жасыл» экономика — бұл елдің дамуы ғана емес, сонымен бірге адамзаттың одан арғы тыныс-тіршілігі үшін ресурстардың сақталуы деп білемін», - деді ол.