Қазақстандық банктер ипотеканы қайта қаржыландырудан 760 жағдайда заңсыз бас тартқан
Арнайы комиссия тағы 70 шағымды қарап жатыр

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыз алушылардың шағымын қарау жөніндегі арнайы комиссияның нәтижесін жариялады. Мәселен, 2015 жылдан бастап банктердің ипотеканы қайта қаржыландырудан бас тартуына қатысты 5168 шағым келіп түскен, оның ішінде:
- заңды бас тарту – 2 650;
- банктер заңсыз өкілеттігін асыра пайдаланған – 760;
- Бағдарламаға өзгерістер және жаңа әлеуметтік өлшемшарттар ескеріле отырып, қарыз қайта қаржыландыруға тиіс – 1 688;
- қаралып жатқандары – 70.
Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы елімізде 2015 жылдың басынан бері жұмыс істеуде.
«Қазір комиссияның жұмысында шамамен 70 өтініш жатыр, бұл - медициналық ұйымдардың, әлеуметтік қорғау және қамқорлыққа алу органдарының және т.б. қорытындысын қайтадан алған адамдар санаты, әр жағдайдың өз мән-жайы бар. Аталған шағымдар қазір қаралып жатыр, әрбір жеке қарыз алушының өміріндегі жағдайды ескеріп жатырмыз. Ағымдағы жылдың басынан бастап қолданыстағы бағдарламаға өзгерістер енгізілді, олар халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына қолдау көрсетуге қатысты, оларға банктер борыш жүктемесін азайтуға мүмкіндіктер беруде», - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Алматы қаласы бойынша өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Сәлима Жұрынова.
Жұрынованың айтуынша, негізгі мәселе – барлық банктің адамдарды халықтың әлеуметтік осал санатына енгізуге ниеттенбеуі. Мұны дәлелдеу үшін қарыз алушы заң бойынша сотқа жүгінуге құқылы.
Қазақстанда ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды 18 банк және 3 ипотекалық ұйым жүзеге асырады. Ипотека алушылардың өтініштеріндегі банктердің үлесі мынадай:
- Halyk Bank – 36%;
- Forte Bank – 19%;
- «ЦентрКредит Банк» – 14%;
- «АТФБанк» – 14%;
- Kaspi.kz – 5%;
- «Астана Ипотека» – 4%.