БҚО-да кезекші сыныптар карантинге жабылып жатыр
Өңірде коронавирус жұқтырған оқушылар мен мұғалімдер қатары көбейді
Батыс Қазақстан облысында 18 кезекші сынып дәстүрлі форматтағы оқытуын тоқтатты. Бұл туралы mgorod.kz хабарлайды.
Қазан айынан бастап БҚО-да 45 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олардың 19-ы – 5-10 жас аралығындағы балалар. Мұндай деректі БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты.
«Инфекция жұқтырған балалардың 80 пайызында ауру симптомсыз өтіп жатыр. Олардың басым бөлігі бұған дейін КВИ-мен сырқаттанған науқастармен байланыста болған балалар. 1 қыркүйектен бастап облыста алты мектеп карантинге жабылды. Оның үшеуі аудандарда орналасқан. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерде 7 тәрбиеші мен олардың көмекшілері, 7 тәрибиеленуші коронавирусқа шалдықты» - деді Нұрлыбек Мұстаев.
Одан бөлек, кезекші сыныптарда сабақ беретін 20 мұғалімнен де коронавирус анықталған. Осыған байланысты кезекші сынып ашылған 18 мектеп карантинге жабылды. Департамент басшысының орынбасары вирус шыққан мекемелерде тиісті дизенфекция жүргізілетінін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу екпіні бойынша «қызыл аймаққа» енген 4 өңірдің қатарында тұр.