Мектеп оқушыларын дәстүрлі оқыту форматына көшіру мәселесі қашан шешілетіні хабарланды
Бұл туралы ДСМ өкілі айтты
Елімізде оқу жылы басталғалы 825 оқушының коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтты.
Жұқтырғандардың 261-і – кезекші сыныптарда оқитын оқушылар болса, 564-і – қашықтан білім алып жатқандар.
«Соңғы аптада 9 өңірде кезекші сыныптардағы 62 оқушы тіркелді. Ең көбі Шығыс Қазақстан - 32 оқушы, Павлодар - 12, Батыс Қазақстан облыстарында - 5. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында – 3 жағдай, СҚО мен Атырау облыстарында – 1 жағдайдан тіркелді», - деді Ерлан Қиясов.
ВАК кейбір өңірлерде вирус жұқтыру көрсеткішінің төмендеуі мен кей аймақтарда жаңа жағдайдың тіркелмеуіне байланысты оқу жылының екінші тоқсанында оқушыларды дәстүрлі оқыту режиміне кешіру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Алайда эпидемиологиялық ахуалға байланысты нақты шешім келер аптада жарияланады.
«Бүгінде оффлайн режимде оқитын оқушылар арасындағы вирусты жұқтыру деңгейі қашықтан білім алатын балалардың арасындағы сырқаттану деңгейінен төмен. Сондай-ақ, «қызыл аймаққа» енген өңірлерде тиісті аумақтың бас санитар дәрігері өңірлік штабпен келісе отырып, жекелеген сыныптар мен мектептердің оффлайн оқыту режимін тоқтату жөнінде шешім шығара алады. Қалай болғанда да, оқыту режимі екінші тоқсан басталған кездегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, яғни 16 қарашада өңірлерде шешілетін болады», - деді ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан