Армения мен Әзербайжан арасындағы соғыстың қалай басталғаны есімде – Елбасы
ҚХА төрағасы екі ел арасындағы соғысқа қатысты пікір білдірді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында Армения мен Әзірбайжан елдері арасындағы соғыстың ұлтаралық жанжалдан басталғанын айтып, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін татулыққа шақырды.
«Әзербайжан және армян ұлттары арасындағы дағдарыстың қалай басталғаны есімде жақсы сақталған. 90-шы жылдары кішкентай ғана ауылда әзербайжандық пен армяндық азаматтар төбелесіп, біреуі екіншісін өлтіріп қояды. Бәрі содан басталды. Екі ел үстел басына отырып, кінәлі тараптарды жазалаудың орнына соғысқа ұластырып жіберді. 30 жыл көлемінде қаншама адам өлді, қанша жазықсыз жанның қаны төгілді?! Ал қазір қандай қантөгіс болып жатыр. Себеп – әділетсіздік, халықаралық шешімдерге қарамастан, бір тарап екінші тараптың территориясын басып алды. Қазір енді қанша әйел жесір қалды, қанша бала әкесіз қалды?! Бұл жарақат олардың есінде мәңгілікке сақталады. Осының бәрі мұншалықты соғысқа лайық па еді?! Сол себепті біз ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеуіміз керек. Мені де әрдайым «достық», «келісім» деген сөздерді мантра сияқты айта береді деп сынайтын. Мен ол сөздерді әлі де айтамын, айта да беремін. Себебі, мұның бәрі бос сөз емес, бұл сөздердің артында біздің қоғамның дамуы, өмірі мен тыныштығы тұр», - деді Елбасы.
Елбасы Қордайдағы қақтығысты еске сала отырып, біздің елде нәсілшілдікке, ұлтаралық бөлініске жол бермеу қажет екенін алға тартты.
Айта кететіні, бүгінгі кеңес жұмысына ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев, орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының өкілдері, білім және ғылым ұйымдарының, институттардың жетекшілері, БАҚ, ҮЕҰ және қоғам қайраткерлері қатысты.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан