Карантинде кеңсе қызметкерлеріне сұраныс азайған
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 165 мекемеде қысқарту болған

Биыл елордада бос жұмыс орындары саны өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға азайған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының кеңесшісі Алтынай Қосыбаева айтты.
Орталық өкілінің айтуынша, биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 165 мекемеде қысқарту болған. Олардың қатарында «Қазпошта», «Қазақ инвест» сынды ірі компаниялар да бар.
Жұмыс іздеген адам үшін орталық ұсынатын бос орындар бар. Бірақ, ол үшін төленетін жалақы көлемі өте аз.
«Жалпы бос жұмыс орындарының жалақысы 45 мыңнан басталады. Көбі - еден жуушы, ыдыс жуушы, аула сыпырыушы сынды тазалықты қамтамасыз ететін жарты күндік жұмыстар», - деді Алтынай Қосыбаева.
Жұмыс сұрап келушілердің көбі жалақысы 150 мың мен 500 мыңға арасындағы сома бойынша өтініш береді екен. Олардың басым бөлігі - экономистер мен заңгерлер. Орталық маманының айтуынша, бүгінде кеңседе отыратын қызметкерлерге сұраныс азайған. Ал, басқа бағыттағы жұмысшылар үшін бос орындар саны артып келеді.
«Қазір құрылысшы, сауда-саттықтағы кассир-менеджерлер, медбикелер, бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне деген сұраныс жоғары. Олардың жалақысы әрқалай. Біздің мекеме тек қоғамдық жұмысқа орналасқандардың жалақысын береді. Олар қолдарына 73 100 теңге алады» - деді маман.
Жалпы жыл басынан бері орталыққа 27 мыңнан астам адам өтініш білдірген. Олардың 18 мыңы жұмыспен қамтылған: 7 386 адам тұрақты жұмысқа, ал қалғаны уақытша жұмысқа орналастырылған.
«Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап орталыққа 24 мыңнан астам азамат жүгінді. Бұл статистика былтырмен салыстырғанда 43 пайызға көп» - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» директорының кеңесшісі.
Қазір адамдардың көбі бос жұмыс орындарын мемлекеттік мекемеден гөрі интернеттен жиі іздейді. Осы орайда OLX порталының сатистикалық деректеріне көз жүгірттік. Еліміздегі бос жұмыс орындарының көшін сауда-саттық бөлімі (5 723 бос орын), транспорт/логистика (3 937 бос орын) бастап тұр. Құрылыс саласында да (2 956 бос орын) сұраныс жоғары. Порталда жалпы вакансиялардың саны 33 мың болса, жұмыс іздеушілердің саны - 7,7 мың.
Жұмыс берушілердің (295 109) ең көп тіркелген жері - электронды еңбек биржасы. Онда жұмыс іздеушілер саны 1 млн адамнан асады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан