$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.11.2020, 11:37
Қоғам

Қызылорда облысында Марал ишанның мазары мал тұяғына тапталып жатыр

24 әулие жатқан мазарды қоршауға 11 млн теңге керек

Қызылорда облысында Марал ишанның мазары мал тұяғына тапталып жатыр
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Үш жүзге пір болған діни қайраткер Марал баба мазары жайылған малдың тұяғына тапталып жатыр. Киелі жерде Қалқай ишан сынды барлығы 24 әулие жерленген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Әулиелер мазары облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта, құмның ортасында жатыр. Соған қарамастан, бұл жерге зиярат етіп келушілер аз емес. Шырақшының айтуынша, Марал бабаның басына тәу етуге шетелден келетіндер де бар екен. Алайда, бұл жерде жолды айтпағанда, қорымға жол сілтейтін белгілер де жоқ.

«Адамдар қысы-жазы келеді. Марал ишанды Түркиядан бір лауазымды адам, сосын Меккенің азаншысы да арнайы іздеп келді. Ресейден, Дағыстаннан келіп тәу ететін туристер бар. Германиялық әйел осында келерінің алдында  6 ай қазақша үйренгенін айтты. Мәскеуден осында жылына екі рет келетін Инка деген кәріс қыз бар. Келеді де, осында Марал ишанның басында жылап, Алладан көмек сұрап отырады. Әлгі қыз «Мазардың үстінен аспанға қарай шығып жатқан жарықты көремін» деп айтады. Бұл Алланың нұры түскен адам, қасиетті жер», - деді шырақшы Бекболат Ералиев.

Марал ишан мазары Қармақшы ауданының орталығы Жосалы ауылынан 18  шақырым жердегі сексеуілдің арасында орналасқан. Марал бабамен оның ұлы Қалқай ишанның кесенесі Қазақстанның киелі жерлер картасына еніп, екеуі де мемлекеттің қорғауына алынған. Мұнда 18-19 ғасырда ғұмыр кешкен Қауыс ишан, Оспан ишан, Есенбай қалпе, Пірзада ишан, Қалқай ишан, Құлжұмыр баба сынды көптеген тұғыры биік жиырмадан астам тұлға жатыр. Құжат жүзінде қасиетті орын мемлекеттің қамқорлығына алынғанымен, іс жүзінде мұнда түк істелмеген.

«Айналамызда малшылар көп, жайылған мал мазарды таптап жатыр. Қасетті әулие адамдар жатқан қорымдар онсыз да ескі. Сосын жол мен жарық мәселесі мүлдем шешілмеген. Ауданның әкіміне арыз жазып барып едім, қоршаймыз деп уәдесін берген. Кейін ат-тонын ала қашты. Қорымды толық айналдыра қоршағанда 2,5 шақырым болады. Мазар мемлекеттің қорғауында болғандықтан, әкімдік, мәдениет басқармасы бөлімдері жыл сайын жөндеуге жұмысшылар жіберіп тұруы керек. Бәрі тек қағаз жүзінде істеліп жатыр. Соңғы үш жылда билік тарапынан бірде-бір адам келген жоқ, бұл жер жөндеуді, күтімді қажет етеді», - деді Марал ишанның ұрпағы Б. Молдашұлы.

Қармақшы ауданының әкімдігі мазарларды тормен айналдыра қоршауға 11 миллион теңгеден астам ақша есептеген. Әкімдіктің мәліметінше, алыс-жақыннан әулиенің басына жылына екі мыңдай адам тәу етуге келеді екен. Мазардың қасында шырақшының үйі, намазханадан бөлек, шағын қонақүй бар. Қажетті қаржы әкімдіктен берілмеген соң, шырақшы демеуші арқылы қорымды қоршатпақ.

«Өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген Марал ишан мазарына 2018 жылы аудандық бюджеттен реставрациялау жұмыстарын жүргізуге 2,9 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу заң талаптарына сәйкес, мердігер «Ұлытау Ұлар МЖЖФ» ЖШС арқылы  жұмыстар жүргізілді. Мазарға келушілерге арналып салынған ғимарат (қонақүй) Марал бабаның 225 жылдығына орай, ұрпақтарының және халықтың көмегі негізінде тұрғызылған. Ғимарат шамамен 70-80 адамға арналған. Мазарға баратын жол мен анықтама белгілерін шешу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Қызылорда облысы Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айбол Қозыбақов.

Ишанның әулиелігі, батырлығы мен тәуіптігі жайында ел жадында сақталған ескі әңгіме көп. Сыр өңірінде ондаған мешіт ашып, емшілікпен де айналысқан, патшалық басқыншылыққа қарсы шығып, елді егіншілікке үйреткен деседі. Марал ишан Құрманұлы 1780 жылы Қостанайдағы Әулиекөлде туып, 1841 жылы қайтқан соң анасының қасына жерленген. Ишанның анасы Бибіпатым – қалмақ ханы Қалдан Цереннің екінші қызы. Марал ишанның мазарына министр, әкімдерден бөлек, шені мен қызметінің өсуін тілеген генералдар, тіптен басына іс түскен қарапайым полицейлер де арнайы келеді екен.

«Облыс әкімдері, министрлер, алыстағы аудан әкімдері де келеді. Өздері айтпаса, келушілердің лауазымын сұрамаймын. Мәселен, қызметінің жоғарылауын, полковник, генерал атақтарын тезірек алсам деп келген адамдар болды. Ұлының үйленуін, балалы болуын да тілейді. Әлгі адамдар бір айға жетпей атақ алғанын немесе өзге де тілектерінің орындалғаны туралы кейін қайта айналып соққанда айтып жатады.

Марал ишан – өзі өмір сүрген уақытында Қостанай төңірегінен 7 мешіт, Сыр өңірінде 14 мешіт ашқан, имандылық нұрын шашқан, сол заманда қазіргі бас мүфти дәрежесіндей болған тұлға. Кенесары хан мен Марал ишанның шешелері апалы-сіңлілі бөле болған. Кенесары хан соғыста орыстан жеңіліп, Сыр бойына табан тірегені тарихтан белгілі. Қазақта «қырық молданың ілімі бір мақсұмда болады» деген де сөз бар. Енді қараңыз, қырық мақсұмның білімі бір ахунда, қырық ахунның ілімі бір ишанда болады дейді. Сонда ең жоғары лауазым – ишан. Марал бабаның діни білімі мен оқу сауатын, қасиеті мен көрегенділігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Үш жүзге пір болу деңгейіне жеткен Мүсірәлі мен Марал ишан ғана. Осындай қасиетті тұлғаларды құрметтеп келетін адамдарға жағдай жасалуы керек», - дейді шырақшы.

Оның шағымына жауап берген Қармақшы ауданының әкімдігі жол мәселесін шешетінін мәлімдеді. Асфальтсыз, тек қиыршық тас қана төсеуге 100 миллион теңгедей қаражат қажет дейді олар.

««Марал ишан» кесенесіне кіре беріс жол 11,1 шақырымды құрайды. 2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудандық маңыздағы Жалағаш – Жосалы – Марал ишан бағытындағы жолға қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алдын ала есептеме бойынша, жөндеу жұмыстарына 99 млн 662 мың 793 теңге қаржы керек екені анықталды. Қазіргі таңда «Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-не қажетті қаржыны бөлгізу мақсатында өтінім әзірленіп жатыр», - деді Қармақшы ауданының әкімдігі.

Айта кетейік, Қазақстанның киелі жерлер картасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Әмірболат Құсайынұлы, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары